📰 Сарапшылар пікірі

Ұлттық тауарлар каталогы не үшін керек, бизнес неге алаңдап отыр?

Ұлттық тауарлар каталогы не үшін керек, бизнес неге алаңдап отыр?

Кейінгі күндері кәсіпкерлер арасында бір тақырып жиі айтыла бастады. Ол – Ұлттық тауарлар каталогы. Алғаш естігенде бұл жай ғана техникалық жүйе сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде ол елдегі әр дүкенге әр базарға әр кәсіпкерге тікелей әсер ететін мәселе болып отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Қазір бұл тақырып мемлекеттік органдарда да «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңдарында да қызу талқылануда. Себебі жаңа салықтық әкімшілендіру ережелерінің іске қосылуына аз уақыт қалды. Бизнес бұл кезеңді өзара «сын сағаты» деп атап кеткен. Кәсіпкерлерді алаңдатқан басты мәселе – түсініктің жоқтығы. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің айтуынша, ақпараттық түсіндіру жұмыстары реформаның қарқынына ілесе алмай отыр. Ол кезекті кеңесте осыны ашық айтты.

«Аймақтардан көп сұраныс келіп жатыр. Ірі импорттаушылар да нақты түсінік жоқ екенін айтып отыр. Қазір тетіктер қалай жұмыс істейтіні бойынша бірізді ұғым қалыптаспаған. Сол үшін біз талқылауды кезең кезеңімен жүргізуді жөн көрдік. Бүгін ең алдымен тауарлар каталогын қарау керек. Қандай да бір нормалар міндеттелмей тұрып, бәріне түсінікті алгоритмдер қажет», деп атап өтті Тимур Жаркенов.

Кәсіпкерлердің наразылығы бекер емес. Аванстық төлемдерді қалай рәсімдеу керек? Сыйлық сертификаттары қалай есепке алынады? Бір чектің ішінде тауар мен қызметті қалай бөлу керек? Осы сұрақтардың нақты жауабы жоқ. Ал ертең осы белгісіздік сот дауларына алып келмей ме деген қауіп бар.

Мемлекеттік органдар бұл алаңдаушылықты түсінетінін жеткізіп отыр. Сауда және интеграция министрлігінің цифрлық трансформация департаменті директорының орынбасары Дәулет Утенов бизнесті сабырға шақырды. Оның айтуынша, мемлекет жазалау емес, келісу жолын таңдаған.

 «Бұған дейін біз көбіне жазбаша жауап беріп келдік. Қазір кешенді әдіснама қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Ешкімді жазалау мақсатымыз жоқ. Өтпелі кезең біртіндеп жүреді. Бизнестен бұл үдеріске сәл жеңілірек қарауын сұраймыз. Бұл әлемдік тәжірибе. Біз оны өз жағдайымызға бейімдеп жатырмыз», деді Дәулет Утенов.

Қаржы вице министрі Әсет Тұрысов та осы ұстанымды қолдады. Ол 2026 жыл жүйені сынақтық пайдалану кезеңі болатынын нақты айтты.

«Тауарлардың басым бөлігі каталогта бекітілген кезде ғана жүйе толық өнеркәсіптік кезеңге өтеді. Ұлттық тауарлар каталогы коды жоқ деп электронды шот фактуралар бұғатталмайды. Мемлекеттік кірістер комитеті жазалаушы орган емес. Біз проактивті өзара іс қимылға бағыт алып отырмыз», деді Әсет Тұрысов.

Қазір Қаржы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі арасында белсенді келіссөздер жүріп жатыр. Тараптар бизнес қауымдастықтың пікірін ескере отырып, Ұлттық тауарлар каталогын дамыту бойынша ортақ ұсыныстар дайындауға келісті.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жүйеде шамамен 15 млн тауар позициясы тіркелген. Оның 750 мыңы қазір модерациядан өтіп жатыр. Осыған байланысты ведомство кәсіпкерлерді жүйе операторымен тығыз жұмыс істеуге шақырып отыр. Техникалық жағы Цифрлық экономиканы дамыту орталығына жүктелген. Цифрлық сервистер департаментінің директоры Іңкәр Құсайынова жүйеде миллиондаған позиция бар екенін, ал модерацияны жасанды интеллект жүргізетінін айтты. Бірақ бәрі мінсіз емес.

«Халықаралық брендтер әлдеқайда белсенді. Мысалы LC Waikiki Procter & Gamble Gloria Jeans сияқты компаниялар карточкаларын тез толтырып жатыр. Ал қазақстандық өндірушілердің ішінде әзірге небәрі 200 компания ғана деректерін енгізді. Кейбір қолданушылар карточка атауларына әдейі бейәдеп сөздер жазып кетеді. Бұл да жүйеге кедергі келтіріп отыр», деді Іңкәр Құсайынова. 

Ірі сауда желілерінде мәселе бір басқа. Мысалы Magnum үшін салмағы өлшеніп сатылатын тауарларды жүйеге енгізу техникалық тұрғыдан қиын болып отыр. Ал ауылды жерлерде жағдай мүлде бөлек. Жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету қауымдастығының президенті Владимир Быковтың айтуынша, интернет әрең ұстайтын ауылдарда әр кәсіпкерге қымбат сканер мен смартфон алу оңай емес.

Бұл жерде ШОБ дамыту комитетінің төрағасы Сәкен Кариннің пікірі қатаң шықты. Ол нормативтік базаның әлсіздігін ашық сынға алды.

«Үш беттен тұратын бұйрық мыңдаған кәсіпорынның жұмысын реттей алмайды. Біз Ұлттық тауарлар каталогын міндетті түрде енгізуді 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ресми түрде шегеруді талап етеміз. Бизнес жұмыс істемейтін жүйенің қателіктерін өз есебінен түземеуі тиіс», деді Сәкен Карин.

Дегенмен кеңес қорытындысы үміт ұялатады. Тараптар бір бірін кінәлаудан нақты «жол картасын» жасауға көшті. Үкімет шағын бизнеске арналған жабдықты субсидиялау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал «Атамекен» ҰКП техникалық мәселелер бойынша нақты сұрақтар тізімін дайындауда.

Келесі кездесу жақын арада өтпек. Кәсіпкерлер бұл жолы Сауда және интеграция министрлігінен тікелей әрі нақты жауап күтеді. Қазақстандағы сауданы цифрландыру бір күнде шешілмейді. Бұл ұзақ әрі күрделі келісімдердің нәтижесі болатыны анық.

Барлық жаңалық