Жаңалықтар

"Наурыз бірден өлген жоқ": Сұлтан Сәрсемәлиев қайын жұртын қалай қырып салғанын айтты

"Наурыз бірден өлген жоқ": Сұлтан Сәрсемәлиев қайын жұртын қалай қырып салғанын айтты

Атырауда бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған күдіктіге қатысты сот жалғасуда. Сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев өзінің қайын інісі 32 жастағы Наурыз бен қайын әпкесі 35 жастағы Мейрамгүлді қалай өлтіргенін айтып берді. Бұл туралы ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Күдіктінің айтуынша, ол Наурыз Мұқанғалиевпен сөзге келіп, жанжалдың соңы төбелеске ұласқан. Осы сәтте Сұлтан Сәрсемәлиев асхана пышағын алып, Наурызды 9 рет пышақтаған.

"Наурыз бірден қайтыс болған жоқ. Менде мұндай жағдай алғаш рет болды, мен тіпті бұрын мал да сойып көрмеппін", – деді күдікті.

Сондай-ақ ол шамамен 15 минут аулада отырып, кіреберіс есік ашыла ма деп күткенін айтты. Кейін ол қайтадан үйге кіріп, Наурыздың еденде жатқанын көрген.

"Наурыз әлі тірі деп ойладым және егер ол аман қалса, отбасына күйеу баласының өзін өлтірмек болғанын айтып қояды деп қорықтым", – дейді айыпталушы.

Айыпталушының айтуынша, оқиғадан кейін ол полиция шақырмақ болған және кешке дейін ой үстінде жүрген.

"Шынымды айтсам, полиция шақырғым келді, бірақ менің бес балам бар, ең кішісі ол кезде 4 айлық еді. Әйелім оларға қарай алмайды. Сөйтіп не істерімді білмей, ойланып жүрдім", – деді айыпталушы.

Сұлтан Сәрсемәлиев сотта қараша айында Мейрамгүлді қалай өлтіргенін де айтып берді. Оның айтуынша, қылмыс жасалған кезде үйде балалар мен әйелі Ақбаян болған. Айыпталушының сөзіне қарағанда, Жангелдинде қыздың ата-анасын өлітргеннен кейін, Мейрамгүлді Ақбаянға көмектесіп, жанында болу үшін өздерімен бірге алып кеткен. Алайда кейін олардың арасында жанжал туындаған.

"Ол менің ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Психикалық мәселелеріне байланысты ол анасының сөздерін бойына сіңіріп алған. Ол бұрын анасы айтқан сөздерді қайталай берді", – деді Сәрсемәлиев өз жауабында.

Айыпталушының айтуынша, жанжал оның ашуын келтірген.

"Алдымен қолтық тұсынан ұрдым, кейін бетінен. Оның аузын жапқым келді де, пышақпен бетінен ұра бастадым. Ол тіпті айқайламады. Менде өкініш болған жоқ. Үш адамды өлтіргеннен кейін, байқасаң, бәрібір болып кетеді екен", – деді күдікті.

Іс материалдарына сәйкес, Мейрамгүл өзінің ата-анасы Максот Қарабалин мен Насип Мұқанғалиеваны өлтіруде қолданылған пышақпен өлтірілген. Айыпталушының айтуынша, кісі өлтіргеннен кейін ол Мейрамгүлдің денесін бұрын Наурыз Мұқанғалиевтың мәйітін жасырған жерге апарып, шұңқырға бетін төмен қаратып көміп тастаған.

Барлық жаңалық