Aктриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа фильмнің түсірілімі басталғанын хабарлап, оқырмандарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.
Өнер иесі бұл жолғы жобаның өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа туынды күн сайын өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін құтқаруға асығатын ТЖМ қызметкерлеріне арналады.
«Кейде әлсізбін... Бірақ елдің Дариғасын қолдайтын сіздер бар.
Жаңа фильмнің түсірілімін бастадық. Бұл жолы тақырып та, жауапкершілік те бөлек. Біз күн сайын өз өмірін қауіпке тігіп, өзгенің өмірін құтқаруға асығатын ТЖМ қызметкерлері туралы оқиғаны экранға алып келеміз.
Сіздердің әрбір жылы тілектеріңізді оқып отырмын. Шынымды айтсам, дәл осындай сәттерде қолдау сөздері жанға күш береді, жауапкершілікті одан сайын сезіндіреді.
Бұл фильм мен үшін жай ғана жоба емес. Бұл ерлік, адамгершілік, таңдау және өмір үшін күрес туралы әңгіме.
Сіздердің қолдауларыңызға рақмет! Сәттілік тілектеріңіз қабыл болсын. Біз бар күшімізді салып, көрермен жүрегіне жететін дүние жасауға тырысамыз. Фильмнің аты – "Соңыра"», – деп жазды актриса.
Желі қолданушылары өнер иесінің жаңа жобасына сәттілік тілеп, жылы лебіздерін жаудырды. Көпшілік фильмнің сәтті шығуына тілектестік білдіріп, түсірілім тобына табыс тіледі.