Бір ай бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті халыққа арнайы үндеу жасаған еді. Себебі елімізде телефон арқылы және онлайн жасалатын алаяқтық тым көбейіп барады. Сарапшылар ел азаматтарына сауатты болуға кеңес берді. Мемлекет қанша тырысқанымен, жауапкершілік әр адамның өз мойнында. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Азаматтарға қоңырау шалып, өзін ҰҚК не басқа мемлекеттік органның қызметкері ретінде таныстыратын қылмыскерлер пайда болды. Олар банктегі шотыңыздан «күдікті операция анықталды» немесе «террористік қауіп бар» деген жалған ақпарат айтады. Кейде бейнеқоңырау арқылы қолдан жасалған куәлік көрсетіп, сенімді болу үшін жалған құжаттар да жолдайды.
Мақсаттары бір. Адамдарды алдап, ақшасын «қауіпсіз шотқа» аудартқызу. Ал ол шоттар қылмыскерлердің өзіне тиесілі. Кейбір жағдайларда олар тіпті «қаражатыңызды құтқару үшін» несие алуға көндіреді. Бұдан бөлек, өзін ҰҚК қызметкері етіп көрсетіп, жұмысқа тұрғызамыз немесе тұрмыстық мәселелерді шешіп береміз деп ақша сұрайтын жағдайлар да кездесуде.
Мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекске сай «алаяқтық» (190-бап) және «құжаттарды қолдан жасау және пайдалану» (385-бап) болып саналады. ҰҚК ресми түрде ескерту жасады.
"Ешбір құқық қорғау органы азаматтардан телефон арқылы ақша талап етпейді, тіпті терроризммен күрес сылтауымен де. Мұндай қоңырау алсаңыз, дереу полицияға хабарласу қажет".
Соңғы жылдары мәселе тіпті ушығып кетті. 2018 жылдан бері Қазақстанда онлайн төлемдер көлемі 26 есе артып, 120 триллион теңгеге жеткен. Сонымен бірге интернет-алаяқтық та 42 есе көбейді. Яғни, 517 жағдайдан 22 мыңға дейін жеткен. Тек 2023 жылдың өзінде 45 мыңнан астам алаяқтық тіркелген, оның жартысына жуығы интернет арқылы жасалған.
Мамандар мұндай қылмыстың негізгі тәсілдерін атап өтті:
-әлеуметтік инженерия (адамды психологиялық тұрғыдан алдау),
-«дропперлік» (үшінші тұлғаларды пайдаланып ақша аударту),
-жасанды интеллект көмегімен дауыс пен бейнені қолдан жасау (deepfake).
Ең кең тараған әдістердің қатарында, өзін КНБ, полиция немесе банк атынан қоңырау шалу, әлеуметтік желілерде жалған парақшалар ашу, инвестициялық жобалар ұсынып алдау.
Мемлекет алаяқтарға қарсы түрлі шара қабылдауда. Ұлттық банк биометриялық қашықтан сәйкестендіруді, екі факторлы тексеруді және күмәнді операцияларды анықтайтын арнайы антифрод-орталықты енгізді. Алдағы жылдары заңнаманы күшейту, дропперлерге қылмыстық жауапкершілік енгізу, басқа елдердің базаларымен бірігіп жұмыс істеу және жасанды интеллект арқылы жаңа схемаларды анықтау жоспарлануда.
ҰҚК мамандарының айтуынша, қылмыскерлер әр 30 минут сайын жаңа сайт ашып алады, ал оны жабу үшін қазіргі жүйеде 5–7 күн кетеді. Осындай бюрократиялық кідірістер алаяқтарға уақытша болса да еркін әрекет етуге мүмкіндік беруде.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекет қанша күрескенімен, әр азамат өзі жауапты болуы тиіс. Ешқашан телефон арқылы айтылған «қауіпсіз шотқа» ақша аудармаңыз, «арнайы қызмет өкілдерінің» сөзіне сенбеңіз және белгісіз адамдардың талабымен несие рәсімдемеңіз.