📰 Сарапшылар пікірі

Ұлттық компаниялардың «тыныштығына» нүкте қойылды

Ұлттық компаниялардың «тыныштығына» нүкте қойылды

2025 жылдан бастап квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қойылатын бюджеттік талаптар күшейді. Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Бюджет кодексінің аясында ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар жыл соңына дейін игерілмей қалған бюджет қаражатын қайтаруға міндеттелді, деп сараптайды Ozgeris.info.

Бұл өзгеріс қаражаттың тиімді әрі нақты қажеттіліктерге бағытталуын көздейді. Сарапшылар бұны «пассивті табыс» пен «қаржылық айлаларды» тоқтататын, шынайы жоспарлауға негізделген жүйелік реформа деп бағалап отыр.

Бұған дейін ұлттық компаниялар бюджеттен жарғылық капиталды қалыптастыру немесе ұлғайту үшін бөлінген қаражатты жыл соңына дейін толық игермесе де, шотында ұстап тұруға мүмкіндік алған. Бұл қаржы банк депозиттеріне салынып, компаниялар үшін қосымша пассивті табыс көзіне айналатын. Бірақ енді бұл тәжірибеге тосқауыл қойылды.

Жоғары аудиторлық палатаның мәлімдеуінше, жаңа ереже мемлекеттік қаржының тиімді айналымын қамтамасыз етуге бағытталған.

 «Ұлттық компаниялардың шоттарында қажетсіз бос жатудың орнына, қаражат бюджетке қайтарылады. Нәтижесінде, бұл ресурстар анағұрлым маңызды және шұғыл міндеттерге, мысалы, инфрақұрылым мен денсаулық сақтау жобаларына бағытталуы мүмкін», делінген ресми хабарламада.

Экономист Руслан Сұлтанов бұл өзгерісті бюджет жүйесіндегі «ұйқылы» қаражатты қозғалысқа түсірудің нақты тетігі ретінде бағалайды.

«Бюджет әлдеқайда “тірі” құралға айналатын болды. Ресурстар әрі-сәрі күй кешпей, қажет жерге бағытталады. Мәселен, инфрақұрылымға, білімге, денсаулық сақтауға немесе шок жағдайындағы экономиканы қолдауға», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бұрын ұлттық компаниялар түрлі сылтау айтып, қаржыны ұзақ ұстап келген. Енді мұндай «бос жоспарлар» мен «сақтық үшін» деген түсініктер жарамайды. Жұмсамаса қазынаға қайтарылады.

«Квазимемлекеттік сектордың жауапкершілігі де артады. Болашақта өсуді көздеп немесе сақтық үшін жоспарлау енді болмайды. Бұл жалған сметаларды азайтып, шынайы бюджет жұмысына ынталандырады», дейді Руслан Сұлтанов.

Бұрын бюджет қаражатын уақытша депозитке орналастырып, сол арқылы ұлттық компаниялар қосымша кіріс (пайыздық табыс) алып келген. Бірақ бұл да тоқтатылды.

2024 жылғы Бюджет кодексінің 113-бабына сәйкес, депозиттен немесе басқа қаржы құралдарынан түсетін табыс енді компания кірісі ретінде есептелмейді. Ол республикалық бюджетке аударылады.

«Жаңа нормаға сай, уақытша бос тұрған бюджет қаржысы арқылы табыс табу мүмкіндігі жойылды. Бұрын бұл ақша компанияның өзінде қалып, кейде дивиденд ретінде де қарастырылмайтын. Қазір бұл механизм де жабылды. Бұл – дивидендтік саясатты айналып өтуге мүмкіндік беретін жолдарды жабу деген сөз»,  дейді сарапшы.

Жаңа тәртіп ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарға қаржылық жоспарды ұқыпты әрі нақты жасау қажеттігін жүктейді. Бұрын жобалардың басталмауы, құжаттардың дайын болмауы, өзгерістерге сілтеме жасау жиі кездесетін. Бұл енді бюджет кодексімен шектеледі.

Сұлтановтың пікірінше, бюджет құралын «қамсыздандыру» немесе «шамадан тыс болашаққа жоспарлау» дәуірі артта қалуы тиіс. Жаңа бюджет тәртібі стратегиялық жоспарлауға емес, нақты, орындалатын жоспарларға ғана мүмкіндік береді.

Ұлттық компаниялар үшін бұл өзгерістер қысым болып көрінуі мүмкін. Себебі бұрынғы еркіндік шектеліп отыр. Мұндай жүйе халықаралық тәжірибеде де бар. Мәселен, Германия мен Канада секілді дамыған елдерде квазимемлекеттік сектор қаражатты тек мақсаты бойынша игеру міндетін алады. Ал игерілмеген немесе уақытша пайдаланылмаған ақша міндетті түрде бюджетке қайтарылады немесе басқа басымдыққа бөлінеді.

 

Барлық жаңалық