🌐 Әлем

Украина Ресейден 7 миллиард доллар алғысы келеді

Украина Ресейден 7 миллиард доллар алғысы келеді

Украина халықаралық сот арқылы Ресейден 7 миллиард доллар өндіріп алмақ. Бұл жайында ел президенті Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Мемлекет басшысы бұл мәселені «Нафтогаз Украина» компаниясының басшысы Сергей Корецкиймен бірге талқылаған. Зеленскийдің айтуынша, халықаралық арбитраж соттары Украина пайдасына 6,9 миллиард долларды құрайтын бірнеше шешім шығарған.

«Бұл – Ресей мен “Газпромның” халықаралық жауапкершілігін айқындайтын, әділетті шешімдер», деді ол.

21 шілдеде украин дипломаттарына осы бағытта нақты тапсырмалар берілген.

Айта кетейік, маусым айында «Нафтогаз» Цюрихтегі арбитраж сотының шешіміне сүйеніп, «Газпромнан» 1,37 млрд доллар төлеуді талап еткен. Егер бұл талап орындалмаса, компания ресейлік активтерді мәжбүрлеп өндіріп алуға дайын екенін мәлімдеген.

Бұл бірінші талап емес. Украина бұған дейін де Ресейден келген соғыс зардабы үшін жалпы сомасы 1 триллион доллар талап еткен. Үкіметтің есептеуінше, елді толық қалпына келтіруге кемі 14 жыл кетеді.

Барлық жаңалық