АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысқа қатысты пікірін жұмсарта бастады. Ол жақында Ресейге: «50 күн ішінде атысты тоқтатпасаңдар, қосымша баж салығы саламын» деп ескерту жасады. Ал бұл ұстанымының өзгеруіне әйелі Меланияның әсері болуы мүмкін екенін өзі мойындады, деп жазады Ozgeris.info.
Трамп The New York Post-қа берген сұхбатында үйінде болған бір әңгімені айтып берді:
«Бүгін Владимирмен сөйлестім, жақсы әңгіме болды», – дедім.
Сонда әйелім Мелания: «Сен әзілдеп тұрсың ба? Жаңа ғана тағы бір қала шабуылға ұшырады», деп жауап берді».
Мелания Трамп – Словенияда туған. 2022 жылы соғыс басталғанда Ресей Харьковтегі Словения консулдығы орналасқан ғимаратты атқылаған. Сол кезден бастап Меланияның Ресейге деген көзқарасы суып қалғаны анық. Бірақ ол көпшілік алдында бұл туралы ашық айтпаған.
Қазір Меланияны Украинада «біздің жағын ұстанған славян әпкеміз» деп мақтап жатыр. Киев тұрғындары оны соғысқа қарсы бейбіт дауыс деп қабылдайды.
The Times басылымы да Меланияны «Ақ үйдегі Украинаға одақтас» деп атады.
Ал Трамптың соңғы мәлімдемесі халықаралық саудаға әсер етуі мүмкін. Егер Ресей атысты тоқтатпаса, АҚШ қосымша 100% баж салығын енгізбек. Бұл тарифтер Ресеймен сауда жасайтын Қазақстан сияқты елдерге де әсер етуі мүмкін.
Яғни, Трамптың саяси бағытына әйелі Меланияның көзқарасы ықпал ете бастағандай. Бұл АҚШ-тың Украина мәселесіне қатысты саясатының өзгеруіне де себеп болуы мүмкін.