Қоғам

Тоқаев үндеу жариялады

Тоқаев үндеу жариялады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай отандастарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Ozgeris.info Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, елімізде азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға баса мән беріліп, бұл бағыт 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституциямен толық заңдастырылған.

Қазақстан озық ойлы ел құру жолына түсіп, әділдік, заңдылық, отаншылдық, табиғатқа сүйіспеншілік пен еңбекқорлық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, ғылым, жоғары технологиялар және мәдениет пен еріктілер қозғалысын дамытуды басты мақсат етіп отыр.

«Құрметті отандастар, біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдың бірінші жартысында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған адамдардың рухына тағзым етеміз. Оларды жадымызда сақтау, заңдылық қағидаты мен әділдік құндылықтарына адал болу – біздің қастерлі борышымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар халықаралық қауымдастық Қазақстанды барлық салада тек алға қарай қадам басып келе жатқан мемлекет ретінде танитыны айтылды. Осыған байланысты Президент жаңа белестерді бағындыру үшін қоғамның ынтымағы мен тұрақтылығын одан әрі нығайту қажеттігін ескертіп, еліміздің болашағы әрдайым жарқын болатынына кәміл сенетінін атап өтті.

Барлық жаңалық