Жамбыл облысында TikTok-та тікелей эфир өткізіп, донат жинау үшін бір-біріне әдейі дене жарақатын салған екі 19 жастағы тұрғын жауапқа тартылды.
Оқиға әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған. Әкімшілік істердің материалдарына тікелей эфирдің бейнежазбасы, хаттамалар және қатысушылардың түсініктемелері енгізілген.
Байзақ аудандық сотының мәліметінше, шілде айында бойжеткен мен жігіт Сарыкемер ауылындағы үйден TikTok-та тікелей эфир жүргізген. Көрермен санын арттырып, донат алу мақсатында олар әдейі бір-біріне күш қолданып, балағат сөздер айтқан.
Сот олардың әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық деп таныды. Сот отырысында екі қатысушы да кінәсін мойындады. Бойжеткен жасаған әрекетіне өкініш білдіріп, материалдық жағдайының қиындығын алға тартып, өзіне қоғамдық жұмыстар тағайындауды сұрады. Ал жігіт айыппұлмен шектелуді өтінді.
Жаза тағайындау кезінде сот олардың кінәсін мойындауын, өкінгенін және жас екенін ескерді. Қызға қатысты жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот шешімімен бойжеткенге 30 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды, ал жігітке 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.