Қазақстанда банкаралық ақша аударымының жаңа кезеңі басталды. Енді 12 банктің клиенттері бір-біріне тек телефон нөмірі арқылы қаражат жібере алады. Бұл туралы Ұлттық төлем корпорациясы хабарлады. Жоба Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі құрамдас бөлігі ретінде бөлшек төлемдердің жеделдігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, деп жазады Ozgeris.info.
Бұған дейін мұндай мүмкіндік 9 банктің арасында ғана қолжетімді еді. Енді олардың қатарына KMF Банк, Еуразиялық банк және Bereke Bank қосылып, жүйеге қатысушылар саны 12-ге жетті. Қазіргі уақытта ортақ аударым платформасында Банк ЦентрКредит, Фридом Банк Қазақстан, Қазақстан Халық Банкі, Bereke Bank, Bank RBK, Altyn Bank, Хоум Кредит Банк, Forte Bank, KMF Банк, Alatau City Bank, Еуразиялық банк және Nurbank бар. Жаңа жүйе банктер арасындағы хабарлама алмасудың бірыңғай стандартын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде транзакциялардың ашықтығын күшейтіп, операциялық шығындар мен уақытты қысқартады. Клиент үшін басты артықшылық – реквизит теріп әуре болмай, тек телефон нөмірін енгізу арқылы қаражат аудару мүмкіндігі. Сонымен қатар елімізде бірыңғай QR төлем жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазір бұл жүйеге алты ірі банк – Halyk, Freedom, RBK, Home Credit, БЦК және Altyn Bank қосылған. Жыл соңына дейін тағы үш банк жүйеге қосылады деп жоспарланып отыр.
Ал 2026 жылы бірыңғай QR арқылы елдегі барлық банк қызмет көрсетеді. Жүйе Central Asia Fintech Summit 2025 саммиті аясында іске қосылды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, барлық банкті ортақ платформаға біріктіру уақыт пен ауқымды дайындықты талап етеді.
«Қазір біз бүкіл банктің осы жүйеге қосылуының заңнамалық негізін жасап жатырмыз. Сондықтан келесі жылы бүкіл банк бірыңғай QR-ды пайдаланады», деді ол.
Сүлейменовтің сөзінше, жүйе енді ғана жұмысын бастағандықтан, оның қанша азаматты қамтитынын нақты айту әзірге ерте. Бірыңғай QR – бір ғана код арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін жаңа буындағы цифрлық шешім. Енді дүкенде немесе онлайн сауда кезінде әр банктің жеке QR-кодын іздеудің қажеті жоқ. Ортақ QR-кодты сканерлеп, кез келген банктің қосымшасы арқылы төлем жасауға болады. Бұл бастама төлем үдерісін барынша жеңілдетіп, қауіпсіз әрі ыңғайлы етуге бағытталған. Бұған дейін әр банк өз QR-кодымен жұмыс істесе, енді олардың барлығы бірыңғай стандартқа біріктіріліп, ел көлемінде ортақ жүйе қалыптастыру көзделіп отыр. Цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытудағы бұл қадам төлем нарығындағы бәсекені күшейтіп, қызмет сапасын арттыруға негіз болмақ.