📰 Сарапшылар пікірі

Телефон арқылы «гипноз»: ақыл-есі сау адам ақшасынан қалай айырылады?

Қазір технология дамыған сайын алаяқтықтың түрі де өзгеріп, адам психологиясына бағытталған жаңа тәсілдер пайда болуда. Бұрын алаяқтар жалған сайт ашып, банк картасының мәліметін ұрласа, бүгінде олар адам санасына «еніп», өз ақшасын өзіне алдыртып жүр, деп жазады Ozgeris.info.

Кәдімгі қоңырау, күтпеген қауіп 

Экономист Айдархан Құсайынов өз телеграм-каналында осындай ерекше оқиға туралы жазды. Бұл жағдай, оның айтуынша, «ақыл-есі орнында, білімді, саналы адамның да гипнозға түсуі мүмкін» екенін көрсетеді.

Жазбадағы кейіпкер жасы келген, ақыл-есі бүтін, сауатты адам. Бір күні жұмысқа бара жатып, құлағында наушник, телефон шалған соң қоңырауға жауап береді. Бейтаныс дауыс өз-өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, бір-екі минут ішінде адамның назарын толық өзіне аударады. Сол сәттен бастап бәрі өзгеріп кетеді. Ол кісі бір сәтке өз-өзін бақылаудан шығарып алады. Не істеп жүргенін, неге келісіп жатқанын аңғармай қалады. Кейін, бейнекамера жазбасын қарағанда, не болғанын өзі де түсіне алмайды.

Сөйтсе, ол бірнеше сағат бойы алаяқтың айтқанын бұлжытпай орындап жүрген: банкке барып, несие рәсімдеген, ақшаны шешіп алып, оны бөтен есепшотқа жіберген. Сырт көзге бәрі өз еркімен жасалған сияқты. Бірақ шындығында бұл гипнозға түскен адам.

Акустикалық әсер болуы мүмкін

Айдархан Құсайынов мұндай құбылысты гипноз әсерімен түсіндіреді:

«Адам кейде сырттан келетін дауысты сана сүзгісінен өткізе алмай қалады. Әсіресе құлаққа тақап сөйлескенде немесе наушникпен тыңдағанда, дыбыс толқыны мидың белгілі бір орталығына басқаша әсер етуі мүмкін. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденбегенімен, тәжірибелік тұрғыда байқалған жағдайлар бар», дейді экономист.

Маманның айтуынша, мұндай әсер кезінде адам уақытша өз әрекетін түсіну қабілетін жоғалтады. Яғни, алаяқтың айтқаны нақты бұйрық сияқты қабылданады.

«Адам эмоциялық күйге түскенде, ми қорғану функциясын әлсіретеді. Сол сәтті пайдаланған алаяқ сенімге кіреді, қорқытады, үркітеді немесе ар-намысқа тиетін сөздер айтады. Мұндайда логикалық ойлау «өшіп», адам өз еркінен тыс әрекет етеді», деп түсіндіреді Құсайынов.

Экономист халыққа қарапайым, бірақ маңызды кеңес береді. Бейтаныс нөмірден қоңырау келсе, жауап берерде міндетті түрде громкая связь (дауыс зорайтқыш) режимін қосу керек. Телефонды құлаққа тақап, әсіресе наушникпен сөйлесуге болмайды. Бұл жағдайда адам дауысты тікелей қабылдайды, ал ми сыртқы сигналдарды сүзгіден өткізе алмай қалады. Бұл кеңес ғылыми тұрғыдан әлі толық дәлелденбегенімен, көптеген мамандар мұны психологиялық қорғаныс тәсілі ретінде ұсынады. Киберқылмыскерлердің әрекеті барған сайын кәсіби сипат алып барады: олар тек технологияны емес, адам психологиясын да меңгеріп алған.

Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта телефон және онлайн алаяқтықтың түрі көбейіп, тәсілдері күрделене түсті. Алаяқтар адамдардың дауысын, әлеуметтік желідегі жеке мәліметтерін пайдаланады. Осы арқылы олар жәбірленушіге таныс адаммен сөйлесіп тұрғандай әсер қалдырып, сенімге кіруге тырысады. Мұндай жағдайда ең бастысы сабыр сақтау қажет.

 «Алаяқтар әрқашан адамның эмоциясына әсер еткісі келеді. Олар қорқытып, асықтырып, шұғыл шешім қабылдатуға тырысады. Егер сізге беймәлім нөмірден хабарласып, банк атынан сөйлесе, оған бірден сенбеңіз. Мұндай кезде әңгімені доғарып, өз банкке ресми нөмір арқылы қайта қоңырау шалыңыз. Телефонды құлаққа тақамай, ашық режимде сөйлескен дұрыс. Бұл сіздің жағдайды бақылауда ұстауыңызға көмектеседі. Ең бастысы жеке мәліметтер мен SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпаңыз. Осындай қарапайым қағидаларды ұстану арқылы өзіңізді қаржылық және ақпараттық қауіптен қорғай аласыз», дейді маман.

Барлық жаңалық