Қоғам

Теледидардан блогерлерге дейін: Халық қай медиаға сенеді - зерттеу нәтижесі

Саясат, экономика және қоғам туралы жаңалықтарды халық ртүрлі дереккөзден оқиды. Біреу таңды әлеуметтік желіден бастайды, екіншісі кешкісін теледидарды қоспай ұйықтай алмайды. Осы ретте қоғам қай медиаға көбірек сенетіні белгілі болды. ҚСЗИ жүргізген көлемді зерттеу елдің ақпараттық картасын айқын көрсетіп отыр. Кейбір медиа халықытң сенімін баурап ала алған, ал кейбірі аудитория үшін күресіп келеді. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.

Politsovet.kz дереккөзі стратегиялық зерттеулер институтының зерттеуімен бөлісті. Орталықтың бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова өзінің «Қазақстанның медиа-архипелагы» атты мақаласында елдегі медиатұтыну құрылымы мен жаңалық көздеріне деген сенімге қатысты институт жүргізген социологиялық зерттеу нәтижелері туралы баяндады. Зерттеуге еліміздің барлық 17 облысынан, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан тұрғындар қатысқан.

Респонденттерге: «Қазақстандағы саясат, экономика және қоғамдық өмір туралы жаңалықтар алған кезде қай ақпарат көздеріне ең көп сенесіз?» деген сұрақ қойылды.

Сауалнама нәтижесі бойынша көшбасшы орынға республикалық телеарналар шықты. Оларға сұралғандардың 59,1%-ы сенеді. Айгүл Забирова атап өткендей, цифрлық форматтардың дамуына қарамастан, теледидар әлі де саясат, экономика және қоғамдық өмір тақырыптарына келгенде коммуникацияның өзегі болып қала береді.

Екінші орында – әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Оларға 34,7% респондент сенім білдірді. Олар көбінесе баламалы немесе қосымша дереккөз ретінде қызмет етеді. Мысалы, таңертең адам әлеуметтік желіні тексерсе, кешке теледидардан жаңалық көреді.

Үшінші орында – интернет басылымдар, оларға 30,3% сенеді. Олар дәстүрлі журналистиканы онлайн-форматпен ұштастырып, кәсіби стандарттарға сай жұмыс істейтін, сапалы материалдар жариялайтын сайттар.

Төртінші орынға баспа басылымдары жайғасты – 9,2% сенім. Оларды көбіне өңір тұрғындары мен аға буын өкілдері оқиды. Оқырмандар үшін газеттер мен журналдар уақыт сынынан өткен, эмоция мен сенсациялық тақырыптар аз, ал құрылымды және дәлелді ақпарат көп болатын формат.

Бесінші орында – блогерлер мен қоғам қайраткерлері, оларға 8,7% респондент сенеді. Олардың күші аудиториямен тікелей жеке байланыс жасай білуінде. Редакциялық сүзгілер жоқ, және халықпен тікелей қарым-қатынас орната алады. Көптеген қолданушылар үшін олар пікір бөлісіп, сұрағына жауап алуға болатын «өз адамына» айналған.

Алтыншы позицияда шетелдік медиа, оларға 8,5% қатысушы сенім білдірген. Айгүл Забирова олардың Қазақстан медиакеңістігіндегі бар болуын медиаплюрализмнің көрсеткіші деп бағалайды. Дегенмен, сенім деңгейінің төмен болуы елдің медиасуверенитетін білдіреді. Күн тәртібін қалыптастыруда негізгі рөл бәрібір қазақстандық БАҚ-қа тиесілі.

Соңғы орында – радио, оған 5,4% респондент сенеді. Радио өзінің қоғамдағы орнын фондық режимде тыңдауға болатынының арқасында сақтап отыр. Дәл осы байсалдылық оның белгілі бір аудитория үшін жаңалық алудың қолайлы арнасына айналуына себеп.

Айгүл Забирова Қазақстанның медиакеңістігін архипелагқа ұқсатады. Яғни, әртүрлі аудиториясы, форматы және даму қарқыны бар ірі және шағын «аралдар».

«Қазақстан медиаландшафтының құрылымы өзін-өзі биіктететін пирамида да емес, түзу сызық та емес, әр қолданушы өз бағытын таңдап, кейде бір жағалаудан екіншісіне өтетін аралдар картасы. Бұл архипелагта сенім, әртүрлілік және аудиторияға құрмет қаншалықты көп болса, Қазақстанның ақпараттық экожүйесі соншалықты тұрақты болады», - деп түйіндеді ол. 

Айта кетейік, архипелаг — бір-біріне жақын орналасқан аралдар тобы. Бір архипелагқа кіретін аралдардың шығу тегі мен геологиялық құрлысы бірдей болып келеді. Осыған қарай оларды материктік, маржандық, вулкандық деп үш түрлі атайды. Топарал, архипелаг (италиянша Arcіpelago, 13 ғасырда венециялықтар ұсынған Эгей Топаралының алғашқы атауы) – 1) Бір-біріне жақын орналасқан аралдар тобы. Бір Топаралға кіретін аралдардың шығу тегі мен геол. құрылысы ұқсас (негізі ортақ) болып келеді. Осыған байланысты Топаралды құрлықтық (Жаңа Жер, Канаданың Арктик. аралдары), маржандық (Маршалл аралдары) және жанартаулық (Гавай аралдары) деп бөледі. Әр Топаралдың жеке өзіне тән экожүйесі дамиды. 2) Грек Топаралы – Эгей т. аралдарының барлық жиынтығының сирек қолданылатын атауы. 

Барлық жаңалық