Оқиға бойынша тергеу амалдары басталды. Ал, полиция кастет қолданылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады Ozgeris.info сайты.
Тараз қаласында мектеп оқушысын қатарластары аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан қыз бала ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен.
Оқиға туралы зардап шеккен оқушының анасы әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, №51 мектептің 9-сынып оқушысын көшеде 7 қыз жабылып ұрып-соққан. Соққы алған оқушы 2 күн жансақтау бөлімінде жатқан.
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқушыға жәбір көрсеткен жасөспірімдер полицияға жеткізіліп, қылмыстық іс қозғалған. Олардың ата-аналары кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Сонымен қатар жасөспірімдердің әрекеттері кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралған. Қорытындысында олар профилактикалық есепке алынды.
Жамбыл облысы полиция департаменті тергеу барысында әлеуметтік желілерде тараған кәмелетке толмағандар кастет сияқты суық қаруды қолданғаны туралы мәліметтің расталмағанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Жәбірленуші үйінде амбулаториялық ем қабылдауда. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз", – деп атап өтті ведомстводан.