📰 Сарапшылар пікірі

Тамшыға тәуелді тіршілік: Қазақстандағы жауынның бағасы

Тамшыға тәуелді тіршілік: Қазақстандағы жауынның бағасы

Орталық Азия аумағында жылына түсетін жауын-шашын мөлшері небәрі 100–400 мм, ал әлемдік орташа деңгей шамамен 800 мм. Яғни, әрбір тамшы бағалы. Су тапшылығы егіншілікке кедергі келтіріп, ирригацияға тәуелділікті күшейтеді. Соның салдарынан азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп, ауыл халқының тұрмысы ауырлап, әлеуметтік тұрақсыздық арта түсуде. Сарапшылардың дабыл қағып жүргеніне аз уақыт болған жоқ, сондықтан статистика мен мамандардың пікіріне сүйеніп Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді. 

Қазақстандағы қуаңшылық пен артық ылғал

Қазақстан қазір табиғаттың екі қарама-қарсы сынағымен бетпе-бет келді. Оңтүстікте қуаңшылық пен жауын тапшылығы, солтүстік пен орталықта – артық ылғал мен су тасқыны. 

2025 жылы Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Абай облыстарында жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден 30–50% төмендеп, ауа температурасы 2–4 °C жоғары болды. Соның салдарынан мақта, бидай, қауын-қарбыз секілді дақылдардың 40%-ға дейін өнімін жоғалту қаупі туындады. Бұған дейін, 2022 жылы Жамбыл облысында небәрі 150 мм жауын жауып, соңғы жиырма жылдағы орташа көрсеткіштен 30%-ға төмен болған. Соның кесірінен егін өртеніп, шаруалар 3,5 млрд теңге шығынға батты. 2023 жылғы қуаңшылық оңтүстіктегі егіннің бестен бірін жойып, бидай бағасын бір жылдың ішінде 12%-ға өсірді.

Қазақстандағы ауыл шаруашылығы ЖІӨ-нің 5%-ын ғана құрайды. Десе де, елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін оның маңызы ерекше. Ғалымдардың болжамынша, 2030 жылға қарай бидай өнімділігі кейбір аймақтарда 13–37%-ға төмендеп, 456,9 млрд теңге шығын әкелуі мүмкін. Ал 2050 жылға қарай бұл шығын 20–49% өнімнен айырылу және шамамен 608,2 млрд теңгеге жетуі ықтимал. Дегенмен 2024 жылы Қазақстан 25,2 млн тонна астық жинап, 2023 жылмен салыстырғанда 47%-ға жоғары болды. Алайда сарапшылар мұны тұрақты жетістікке емес, ауа райының қолайлы жағдайына тәуелді құбылысқа балап отыр.

Қуаңшылықтан бөлек, елдің солтүстік және орталық аймақтарын су тасқыны жиі шарпиды. 2024 көктемінде болған ірі тасқын он өңірді қамтып, 120 мың адам эвакуацияланды. Экономикалық шығын 200 млрд теңгеден асты. Жалпы 1991–2020 жылдар аралығында қуаңшылықтан келген шығын 245 млрд теңге болса, су тасқынынан келген шығын 100 млрд теңгеге жуықтады.

Жердің тозуы да алаңдататын мәселе. Қазақстан аумағының 33%-ы, шамамен 90 млн гектар жер, тозу қаупінде тұр. Ал 27,1 млн гектар жайылым құнарынан айырылып үлгерген. Суармалы жерлердің 40–80%-ы тұздану мен батпақтанудан зардап шегуде. Тек егін шаруашылығына ғана емес, мал шаруашылығына да соққы болып отыр.

Алайда қуантарлық жаңалық та жоқ емес. Солтүстік Арал теңізіндегі жағдай біршама жақсарды. Мысалы, судың көлемі соңғы жылдары 42%-ға артып, тұздылық деңгейі 4 есе төмендеген. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті. 2024 жылы теңізге 2,6 млрд м³ су жіберілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 816 млн м³ болған. 

Көрші елдердегі жағдай 

Қырғызстанның негізгі су көздері – таулардағы мұздықтар. Алайда климаттың жылынуына байланысты олардың көлемі қысқарып барады. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай өзендердегі су қоры 20–30%-ға азаюы мүмкін. Бұл ауыл шаруашылығына ауыр соққы болып отыр: 2023 жылы бидай түсімі екі жыл бұрынғыдан 15%-ға төмендеді. Ал 2022 жылы мал азығы жетіспегендіктен, мал басы 8%-ға кеміді.

Өзбекстанда егістіктің 90%-ы суармалы. Елдің басты дақылы – мақта, ол аса көп суды қажет етеді. 2022 жылы мақта өнімі 10%-ға азайып, ел экспорты 200 млн доллар жоғалтты. Сол жылы бидай импорты 20%-ға артты. Бұған қоса, егістіктің үштен бірі тұзданған, бұл ауыл шаруашылығының тұрақтылығына қатты қауіп төндіруде. Соңғы жылдары ирригация жүйесін реформалау арқылы суды 10%-ға үнемдеуге қол жеткізілді, бірақ бұл жеткіліксіз.

Тәжікстанда ауыл шаруашылығы ЖІӨ-нің 23%-ын құрайды, ал халықтың басым бөлігі ауылда өмір сүреді. Климаттың қаталдығы елді үлкен қиындықтарға тіреп отыр. 2021 жылы қуаңшылықтан картоп өнімі 25%-ға төмендеп, азық-түлік бағасы күрт қымбаттады. Ауылдағы әр төртінші фермер қарызын қайтара алмай отыр. Халықтың 30%-ы кедейлік шегінде, ал 15%-ы азық-түлік тапшылығын бастан кешті. Бұған қоса, сирек, бірақ қатты жауған жаңбыр да қауіп төндіреді. 2021 жылы болған сел мыңдаған адамды баспанасыз қалдырды.

Орталық Азиядағы қазіргі жағдай тұйық шеңберге айналды дейді сарапшылар. Жауын азайды, өнім кеміді, табыс төмендеді, қарыз көбейді, кедейлік артты, әлеуметтік тұрақсыздық күшейді. Қазақстан осы тізбектің дәл ортасында тұр. Ел оңтүстігінде қуаңшылықтан, ал солтүстігінде тасқыннан зардап шегуде. Бұған қоса жердің тозуы, егіннің тұрақсыздығы және ауыл халқының тұрмысы азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Сарапшылардың пікірінше, егер су ресурстарын тиімді пайдалану, құрғақшылыққа төзімді дақылдар өсіру, фермерлерді сақтандыру және көрші елдермен ынтымақтастықты нығайту қолға алынбаса, болашақта әр тамшы судың бағасы бұдан да қымбаттай түспек.

Барлық жаңалық