Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёевамен кездесті. Мемлекет басшысы бұл сапардың Астана мен Ташкент арасындағы стратегиялық серіктестікті ілгерілету үшін маңызы зор екенін ерекше атап өтті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жиын барысында қос мемлекет әкімшіліктерінің өзара байланысын нығайту мәселелері кеңінен сөз болды. Тоқаевтың айтуынша, қазіргі саяси жүйеде президент әкімшіліктерінің рөлі өте зор. Сондықтан ведомстволар арасындағы жұмыс байланысын арттыру өте пайдалы қадам саналады.
Қазақстан мен Өзбекстан қазір дамудың шешуші сатысында тұр. Президент Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау ортақ міндет екенін жеткізді. Екі мемлекет бір-бірімен неғұрлым тығыз қарым-қатынаста болса, аймақтағы бейбітшілікті сақтау соғұрлым оңайға түседі. Тек толық қауіпсіздік орнаған жағдайда ғана елдегі ауқымды реформаларды табысты жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке өзінің жылы лебізі мен арнайы сәлемін жолдады.