Алматы қаласының әуежайында ірі көлемде есірткі тасымалдаған жолаушы құрықталды. Күдікке ілінген 23 жастағы бойжеткен "Бангкок - Алматы" бағытындағы рейспен ұшып келген. Тәртіп сақшылары оның жол жүру сөмкесін тексеру барысында ішінен салмағы 8 килограмм 879 грамм болатын "гашиш майы" есірткі затын тауып тәркіледі деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Көліктегі полиция департаменті бұл қылмыстық әрекеттің алдын ала сөз байласу арқылы ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Жолаушы қомақты ақшалай сыйақы алу үшін есірткі заттарын шекарадан өткізуді көздеген. Ол заңсыз заттарды ары қарай саудалап өткізуді де жоспарлаған.
Сот бұл іске қатысты түпкілікті шешім шығарды. Бойжеткен жасаған қылмысы үшін толықтай кінәлі деп танылды. Сот үкімімен ол 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.