Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов ескі жарақатына байланысты биыл жекпе-жек өткізбейді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық ММА федерациясының басшысы Сағындық Мекеев "Наш боец" YouTube-арнасында спортшының денсаулығы мен чемпиондыққа мүмкіндігі туралы айтты.
Оның сөзінше 77 келі салмақта Ислам Махачевке тең келер ешкім жоқ, дегенмен Шавкаттың белбеу жеңіп алуға толық мүмкіндігі бар. Бірақ ол үшін спортшы бірінші кезекте толық емделіп шығуы қажет.
«Ол былтыр ота жасатқан еді, осыдан бір ай бұрын кездескенімде жарақатын қайта асқындырып алғанын айтты, сондықтан қазір Германияға қайтадан емделуге кетті. Бұл процесс жылдың соңына дейін созылатыны анық, тиісінше оны биыл көрмейміз. Қыстың аяғы немесе көктемге қарай дайын болса жақсы», - деді Мекеев.
Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде төбелесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен ирландиялық Иэн Гэрриді жеңді. Алайда 2026 жылдың басында UFC ұйымы қазақстандық спортшыны жартылай орта салмақ рейтингінен алып тастады.
Спорттағы үзіліспен қатар Шавкаттың жеке өмірінде де шулы оқиғалар болып жатыр. Осы жылдың наурыз айында бұрынғы әйелі Гүлайым Рахмонова онымен ажырасқанын айтқан болатын.