Семей қаласындағы Докучаев көшесінде белгісіз ер адамның бойжеткенді еркінен тыс көлікке отырғызғаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, жұртшылықтың наразылығын тудырды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Alash.kz ұлттық порталына сілтемемен.
Видеода қыздың “Өтінемін, керек емес!” деп айқайлап, қарсылық көрсеткені анық естіледі. Оқиға куәгерлері бұл сәтті түсіріп алып, көліктің мемлекеттік нөмірін жазып алған.
Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл жағдай жас жұп арасындағы жанжал салдарынан туындаған. Құқық қорғау органдары 23 жастағы жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің “Дене жарақатын келтіру” бабы бойынша іс қозғағанын хабарлады.
Бұдан бөлек, ер адам жол ережесін өрескел бұзғаны және түнгі мезгілде қоғамдық тәртіпті сақтамағаны үшін де жауапкершілікке тартылмақ.