Бастапқыда студенттердің қарапайым жобасы ретінде пайда болған әлеуметтік желілер бүгінде бүкіл әлемнің өмірін түбегейлі өзгертті. Facebook, Instagram, Twitter, TikTok сияқты платформалар қазір әлемдік саясат, экономика және мәдениетті қалыптастыратын күшке айналды. Соңғы 20 жылда ұрпақтар арасындағы көзқарас қақтығысы мүлдем басқа деңгейге өтті. Әлеуметтік желілер қазір тек адамдарды байланыстыратын құрал емес, олар наразылық білдіретін алаңға, ой еркіндігінің мінберіне, тіпті саяси құралға айналды. Осындай үлкен ықпалға ие желілер біздің санамызға қалай әсер етіп жатыр? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Әлеуметтік желілер арқылы адамдар қызығушылықтарына сай топтар табады, жұмыс іздейді, ескі достарымен қайта қауышады немесе өздігінен білім алады. Алайда сарапшылар жастарды деградацияға ұшырап жатыр деп дабыл қағуда. Яғни шынайы өмірден алыстап кетуі, эмоция мен танымнан айрылуы сынды мәселелер.
Номофобия – смартфонсыз қалған күннің қорқынышы
2010 жылы британдық YouGov компаниясы адамдардың ұялы телефонсыз қалуынан туындайтын мазасыздықты зерттеді. Зерттеу нәтижесі бойынша, қолданушылардың 53%-ы телефон жоғалту, қуаты біту, ақша таусылу немесе байланыс болмау сынды жағдайлардан шынайы қорқыныш сезінетінін анықтаған. Бұл құбылыс “номофобия” (no mobile phone phobia) деп аталды. Әрине, нақты фобия болмағанымен, бұл цифрлық тәуелділіктің алғашқы көрінісі, яғни байланыспен, әлеуметтік желілермен үздіксіз қосылу қажеттігі.
Номофобия интернетке тәуелділікпен тығыз байланысты. Бұл тәуелділіктің түп-тамырында дофамин (ләззат сыйлайтын гормон) жатыр. Яғни, әлеуметтік желілер толық дофаминге негізделген жүйе. Пайдаланушы лайк, комментарий, репост арқылы тез рақат алады. Ал алгоритмдер бізге дәл сол «жақсы нәрсені» ұсынып, лентаны итермелейді. Мысалы не қарадыңыз, не ұнаттыңыз, не талқыладыңыз соның бәрі сіздің лентаңызда басым болып, көз алдыңызға шығып тұрады. Алгоритмдер сізге ұнауға тиіс контентті қайта-қайта көрсетіп, таңдауды шектейді. Бұл эхо-камера моделінің бір белгісі.
«Сіздің көзқарасыңызға сәйкес жалғыз ақпарат алуыңыз сізді басқалардан оқшаулап, пікірлеріңіздің жалған сенімділігін арттырады».
«Эхо-камера» ұғымы
Яғни, сіздің пікіріңізді қайталайтын, ешқашан қарсы дау айтпайтын орта. Мысалы, біреу “Қазақстанда жемқорлық жоқ” десе, ол эхо-камерада жүргендіктен, тек сол пікірді қолдайтын адамдардан ғана жауап естиді. Эхо-камерада балама көзқарастар ескерілмейді, тіпті олар нақты дәлелдерге негізделсе де. Керісінше, оларды әдейі жоққа шығарады. Мұндай жағдай адамдарды “біздікі дұрыс, басқалардікі қате” деген ойға итермелейді.
Сектанттар дәл осы әдісті әлеуметтік желілерде қолданады. Өз ізбасарларын жаппай оқшаулап, жартылай жабық ортада ұстайды. Олар адамдарды бөліп, сыртқы ортамен байланысты үзуді талап етеді. Сол сияқты әлеуметтік желілердің алгоритмдері де эхо-камераларды жасанды түрде қалыптастырады. IT-компаниялар сізді көбірек экран алдында ұстап, көбірек жарнама көрсету үшін сізге ұнайтын контентті ғана ұсынады. Ал қарсы көзқарастар лентаңызға түсіп қалса, сіз ренжіп, қосымшаны жабуыңыз мүмкін. Сондықтан сіз тек өз пікіріңізге сәйкес ақпаратты көресіз.
Ең қорқыныштысы, эхо-камералар тек шектеп қана қоймай, төзімсіз болуға үйретеді. Бөтен пікір жай ғана “бөтен” болудан шығып, “қате”, кейін “қабылданбайтын”, соңында “жау” болып кетеді.Эхо-камералардан пайда тапқан секталар тәрізді радикалдар да осы механизммен жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде радикализм сана мен эмоцияларды оңай қоздырады. Бұл феминизм, маскулиндік, ұлтшыл қозғалыстарда байқалады. Түрлі топтар жедел бірігіп, қажеттіліктерін жария түрде насихаттайды, кейде агрессияға дейін баруы мүмкін. Бұрын мұның бәрін жай ғана фанатизм деп атаушы еді, қазір вирус тәрізді әлеуметтік желілер арқылы жұғып, тарап жатыр.
Мұндай радикалдар тек саясатта емес, фильм, сериал, ойын, кітап сынды қызығушылық топтарында да бар. Олар сағаттап сіздің таңдауыңызды сынға алады, сіз келіспесеңіз, бірден жеке басыңызға тиіседі. Мұндай адамдар бұрын да болған, бірақ бұрын оларды ести қою қиын еді. Ал қазір олардың дауысы әлеуметтік желілер арқылы жарқын шыға бастады.
Әлеуметтік желілерге адамдар көбінесе эмоция үшін келеді. Ал осы эмоция үшін күрес бизнеске де қатты әсер етті. Бүгін кез келген дүкен Instagram жүргізеді, SMM менеджер жалдайды, Telegram мен WhatsApp-қа бот орнатады. Үлкен брендтер TikTok пен YouTube-та арнайы контент жасап, кәсіби мамандарға ақша төлейді. Бүгінде клиентпен жұмыс жасаудан бастап, бренд жүргізу бәрі әлеуметтік желілерге ұқсас форматқа көшті. Онлайн дүкен де, мессенджер де бір-біріне ұқсап келеді. Әрбір сервис сіздің уақытыңызды ұзаққа созып, коммерциялық мәтіндерге қызықтырады. YouTube та қазір тек видео емес, мәтіндік посттар жариялайтын ортаға айналды.
FOMO: «өмірден қалу» қорқынышы
Сонымен қатар, “FOMO” деген құбылыс пайда болды. Fear of Missing Out - қорқыныш сезімі. Сізді үнемі жаңалықты оқуға, көруге, басқалардың өмірін бақылауға мәжбүр етеді. Яғни, маңызды бір нәрсені өткізіп алу қорқынышы. Адамдар үнемі басқалар не істеп жатыр, не айтып жатыр деп қарап, жаңалық жіберіп алудан қорқады. Бұл термин алғаш 1996 жылы пайда болған. Ал қазір әлеуметтік желілер дамыған заманда өте өзекті бола бастады. Қазір адам әр секунд сайын айналасындағы ақпарат ағымын бақылап, бір сәтке де тыс қалғысы келмейді.
Бұл қорқынышты маркетинг те өз пайдасына жаратып отыр. FOMO әсіресе жасөспірімдер мен психикасы осал адамдарға қатты әсер етеді. Соңғы алты жылда “буындар теориясы” әлеуметтік желілерде кең таралды. Бэби-бумерлер, миллениалдар, зумерлер деген ұғымдар қалыптасты. Әсіресе, 13–27 жас аралығындағы «зумер» буынға әлеуметтік желі үлкен ықпал етті. Олар технологияны жақсы білетін, трендтерді әрдайым бақылап отыратын, әлеуметтік желіде дүниеге келген және сонда өмір сүріп келе жатқандар. Олар үшін өмірде бәрі бірден болуы тиіс. Көлік, байлық, әдемі өмірдің бәрі лентадан көргендей болу керек. Осындай кеңінен тарайтын хайп, жалған жетістік тарихтары жастардың психикасын әлсіретіп, эмоционалды күйзеліске әкеледі. Жастар өз өмірлерін басқалармен салыстыра отырып, өмірге деген құлшынысын жоғалтуы мүмкін.
Интернетте ең кең тараған эмоциялардың үш түрі бар. Стресс, өлім және арман. Алғашқы екеуін әлеуметтік желі ұнатпайды, тіпті бұл сөздердің өзін алгоритмдерге ұнау үшін жасыруға тура келеді. Сондықтан коммерциялық блогтар көбінесе “армандарды” сатады.
Әлеуметтік желінің шынайылық пен идеалдың арасындағы айырмасынан зардап шегетіндердің бірі жастар. Instagram-дағы өзін-өзі сүю туралы кеңестерді негізге алып, кейбір психологтар “мен бірінші орында тұрамын, мен құндымын” деген шектен шыққан эгоизмді де насихаттап жүр. Салдарынан жастар жұмыс іздегенде де, өзара қарым-қатынаста да қиындық көреді. Себебі әлеуметтік желіде бәрі бірден жетістікке жетіп, қымбат көлік мініп жүр. Ал өмірде бәрі бірден бола қоймайды. Бірақ әлеуметтік желі арқылы қалыптасқан жалған үміттер олардың шындықты қабылдауына кедергі келтіреді.
Әлеуметтік желі заманымыздың ең қуатты құралдарының бірі. Олар бізді жақындата да алады, алшақтата да алады. Біз бір сәтте әлемнің түкпір-түкпіріндегі адаммен байланысып, шексіз ақпарат ала аламыз. Бірақ дәл сол сәтте өзімізден алыстап, шынайы өмірдің дыбысын, иісін, жылулығын ұмытып кетуіміз мүмкін. Сондықтан халықта таңдау бар. Әлеуметтік желіні өзіміз үшін қолданамыз ба, әлде өзімізді сол желінің құрбанына айналдырамыз ба? Біздің санамызды кім басқарады? Өзіміз бе, әлде экран артындағы жасырын алгоритмдер ме?
Нағыз еркіндік бұл шынайы өмір мен цифрлық әлем арасындағы тепе-теңдікті табу. Әлеуметтік желі бізге берілген жақсы құрал, десе де, ешқашан біздің шын бейнеміз болмауы керек. Ең құнды дүние өзіңді жоғалтпай, өз таңдауыңды сақтай білу. Бәлкім, экраннан басымызды көтеріп, жанымыздағыларға жылулық беріп, өз әлемімізді солармен бірге қайта құру ең дұрыс қадам шығар.