Қазақстанда әлеуметтік саланы қаржыландыру мәселесі бүгінде жүйелі реформаларды талап ететін күрделі кезеңге тап болды. Денсаулық сақтау, атаулы әлеуметтік көмек және халықты әлеуметтік қорғауға жұмсалатын шығындардың жыл санап өсуі республикалық бюджетке айтарлықтай салмақ салып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Бюджет тапшылығы жағдайында мемлекеттік бағдарламалардың икемділігі төмендеп, шұғыл көмекті қажет ететін оқиғаларға дер кезінде үн қату мүмкіндігі шектелуде. Осы орайда, қоғамдық белсенділік пен ұлттық дәстүрді заманауи технологиялармен ұштастыратын жаңа әлеуметтік модель қажеттілігі күн тәртібіне шықты.
Экономикалық үдерістерді зерттеп жүрген «EconomyKZ» порталының тәуелсіз сарапшысы Дәулет Жамбайбеков бұл тығырықтан шығудың жолы ретінде қоғамның өзара көмек беру тетіктерін қайта жаңғыртуды ұсынады. Оның пайымдауынша, қазақ қоғамына тән рулық және қауымдық ынтымақты бөліну құралы емес, керісінше, әлеуметтік дамудың қозғаушы күшіне айналдыру керек.
«Қазақстанда әлеуметтік қажеттіліктерді қаржыландыру жүйелік қиындыққа тіреліп отыр. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, атаулы көмекке жұмсалатын шығын жыл сайын өсіп келеді. Ал республикалық бюджеттің мүмкіндігі шектеулі, тапшылық сақталып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар кейде бір реттік, шұғыл жағдайларға дер кезінде жауап бере алмай жатады. Мысалы, шұғыл операция, қымбат ем, жерлеу рәсімі немесе өңірдегі дарынды жасты қолдау сияқты нақты мәселелер бар. Осындай сәттерде адамдар жедел көмекке мұқтаж болады. Осындай жағдайда қоғамның өзара көмегін жүйелі түрде дамыту орынды болар еді. Қазақта бұрыннан ру, ауыл, қауым деңгейінде өзара жәрдем дәстүрі болған. Бүгінде осы әлеуетті заманауи форматта қайта құрып, бірақ руға бөлінуді күшейтпей, керісінше қоғамға пайда әкелетін бағытқа бұруға болады», дейді сарапшы.

Ұсынылып отырған модель екі деңгейлі құрылымнан тұрады: қауымдық қор және рулық қор. Бұл екі институттың атқаратын міндеттері нақты жіктелген. Қауымдық қорлар жергілікті жерлерде, яғни «махалла» (көршілес қауымдастық) қағидаты бойынша жұмыс істеп, көршілер мен ауылдастардың өзара жәрдеміне негізделеді. Оның негізгі мақсаты – өрт, су тасқыны сияқты төтенше жағдайларда жедел көмек көрсету, жалғызбасты қарттарға қолдау білдіру және аула мен көше инфрақұрылымын жақсарту сияқты күнделікті мәселелерді шешу.
Ал рулық қорлардың мақсаты әлдеқайда ауқымды әрі стратегиялық сипатқа ие болуы тиіс. Дәулет Жамбайбеков бұл құрылымды тек тұрмыстық көмек емес, адам капиталына салынған инвестиция (болашаққа бағытталған қаржылай салым) ретінде қарастыруды ұсынады.
«Рулық қордың міндеті ауқымды әрі ұзақ мерзімді болуы тиіс. Негізгі бағыттары: дарынды жастарға білім гранттары мен атаулы стипендиялар; қымбат, шұғыл ем мен оңалтуға қаржы бөлу; бизнес бастауға немесе оқуға микронесиелеу (аз көлемдегі жеңілдетілген несие); ру тарихына қатысты мәдени жобаларды қолдау. Бұл қор тек тұрмыстық көмек емес, адам капиталына инвестиция жасайтын құрылым болуы керек. Кейбір пікірлер бойынша, руға бөліну қазақтың бірлігіне кедергі келтіреді. Жеріміз кең, халық саны онша көп емес, соның өзінде ішкі бөліну бар дейді. Оның үстіне рулар арасында бәсеке де бар. Бірақ шындық мынау: адамдар өз тегінен толық бас тарта алмайды. Идентичность (өзіндік бірегейлік) сақталады. Онда осы ерекшелікті қоғамға пайдалы арнаға бұру неге болмайды? Рулық ынтымақ нақты көмек көрсетуге бағытталса, одан ұтылмаймыз. Дегенмен нәзік тұсы бар. Егер дұрыс реттелмесе, мұндай жүйе бөлінуді күшейтіп жіберуі мүмкін», деп ескертеді маман.

Бұл бастаманың басты тәуекелі рушылдық дертінің өршуі. Алайда, сарапшының пікірінше, бұл қауіптің алдын алудың тиімді жолы толыққанды цифрландыру және ашықтық. Жүйенің жұмысы бірыңғай онлайн платформа (желілік алаң) арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл цифрлық инфрақұрылым барлық қорларды тіркеп, қаржының кіріс-шығысын ашық көрсетіп, көрсетілген көмектің тиімділігін рейтинг (салыстырмалы бағалау көрсеткіші) арқылы бағалауға мүмкіндік береді.
«Тәуекелдің алдын алу үшін ортақ цифрлық инфрақұрылым қажет. Ұсыныс қауымдық және рулық қорлардың барлығы тіркелетін бірыңғай онлайн платформа құру. Бұл платформада қорлар тіркеледі; қаржы қозғалысы бойынша ашық есеп беріледі; көрсетілген көмектің нәтижесі жарияланады. Мемлекет де шет қалмауы керек. Ұйымдастырушылық қолдау, кеңес беру, белгілі бір ынталандыру шараларын рейтинг негізінде беру қарастырылуы мүмкін. Маңыздысы, қор рейтингі жиналған ақша көлемімен емес, тиімділікпен өлшенуі керек. Яғни: қанша өтініш сәтті жабылды; көмек қаншалықты жылдам көрсетілді; алушылардың кері байланысы қандай. Функцияны осылай бөлу әлеуметтік көмектің балама, бірақ түсінікті әрі ашық моделін береді. Қауымдық қор жедел, жергілікті мәселені шешеді. Рулық қор күрделі, қымбат және ұзақ мерзімді істерді көтереді. Ал мемлекет барлық азаматқа базалық кепілдікті сақтайды», деп қорытындылады Дәулет Жамбайбеков.
Қоғамдық белсенділік пен мемлекеттік бақылаудың мұндай синтезі (бірігуі) әлеуметтік мәселелерді шешуде жаңа серпін беруі мүмкін. Ең бастысы, бұл жүйе мемлекеттің жүгін жеңілдетіп қана қоймай, азаматтардың бір-біріне деген сенімі мен жауапкершілігін арттыруға негіз болмақ.