Қоғам

Ресейдегі жаппай төбелеске қазақстандықтардың қатысы бары анықталды

Ресейдегі жаппай төбелеске қазақстандықтардың қатысы бары анықталды

Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга вахталық кентте жұмысшылар мен күзетшілер арасында жаппай төбелес болып, оған қазақстандықтардың да қатысқаны анықталған соң еліміздің бас консулы оқиға орнына шұғыл аттанды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев 2026 жылдың 26 наурызында Усть-Луга кентінде тұрмыстық сипаттағы жанжал болғанын растады.

Оның айтуынша Ресейдің құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті шаралар қабылдап, төбелеске қатысқан адамдарды ұстаған және қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес Қазақстан азаматтарының арасында ауыр жарақат алғандар немесе ауруханаға жатқызуды қажет ететіндер жоқ», - деді Ерлан Жетібаев.

Ол оқиға орнындағы жағдайдың тұрақты екенін және құзырлы қызметтердің бақылауында тұрғанын мәлімдеді.

Қазақстанның Санкт-Петербургтегі бас консулдығының қызметкерлері Ресей полициясымен тұрақты байланыс орнатқан.

Бас консул отандастарымызға құқықтық көмек көрсету және мән-жайды толық анықтау үшін оқиға орнына тікелей өзі барды.

Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша ішкі істер басқармасының мәліметінше полиция бөліміне 31 шетелдік жеткізіліп, оның ішінде 16 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тұрмыстық негізде туындаған бұл қақтығыс жақын шетелдерден келген жұмысшылар мен жүк портының күзет қызметкерлері арасында болған. Тәртіпсіздік кезінде бір автобус бүлініп, жұмысшылардың бөлмелерін тінту барысында 29 пышақ пен байланыс құралдары тәркіленді.

Қазіргі уақытта бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жою баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетейік бұған дейін әлеуметтік желіде жаппай төбелестің бейнежазбасы тарап, желі қолданушылары жанжалға қазақстандықтар қатысуы мүмкін екенін жазған болатын.

Барлық жаңалық