Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.
Ведомство өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстан аумағына жеткізілген жоқ. Соған қарамастан, оны елге қайтару бағытында тиісті дипломатиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ержан Ашықбаев бұл мәселе өзінің тікелей құзыретіне кірмейтінін айтып, атқарылып жатқан нақты шаралар жөнінде әзірге толық мәлімет бере алмайтынын жеткізді.
«Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда емес, сондықтан қандай жұмыстар атқарылып жатқанын нақты айта алмаймын. Егер жазбаша сауал жолданса, ақпарат беруге дайынбыз. Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстан Республикасының азаматы, сол себепті бұл мәселе үнемі назарда. Үміт бар, алайда оның қалай және қашан жүзеге асатынын уақыт көрсетеді», – деді министрдің бірінші орынбасары.