Бішкектің Бірінші май аудандық соты жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және билікті күшпен басып алуға дайындалу ісі бойынша үкім шығарды. Іс бойынша «Социал-демократтар» партиясының өкілдері де сотталған. Сот отырысы жабық режимде өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Темирлан Султанбеков кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы Кадыр Атамбаев та кінәлі деп танылып, төрт жылға сотталды.
Эрмек Эрматовтың ісі бойынша тағылған бап қайта сараланып, оған пробациялық бақылау тағайындалды. Ол сот залында қамаудан босатылды.
Ал Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Кубанычбек Кадыров толық ақталды.
Еске салайық, 2025 жылдың қараша айының соңында Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі он адамның ұсталғанын хабарлаған. Олардың арасында Темирлан Султанбеков, Кадыр Атамбаев, Кубанычбек Кадыров, Шайлообек Атазов, Эрмек Эрматов, Урмат Барыктабасов және тағы басқалар болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, олар Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын өткен сайлауынан кейін жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруға дайындалған.
Султанбековке, Атамбаевке және Кадыровқа «Билікті күшпен басып алу» бабы бойынша, ал басқа фигуранттарға жаппай тәртіпсіздікке қатысты бап бойынша айып тағылған. Айыпталушылар мен олардың туыстары тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Істі мәні бойынша қарау 14 шілдеде басталып, жабық режимде өткен. Кейін кейбір фигуранттарға қатысты материалдар жеке өндіріске бөлінген.