Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қара теңіз акваториясында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына бет алған танкерлерге жасалған шабуылдарға байланысты ресми ұстанымын білдірді деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Zakon.kz сайтына сілтемемен.
Ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетыбаевтың айтуынша, 13 қаңтар күні үш бірдей танкерге ұшқышсыз басқарылатын дрондар арқылы жасалған шабуыл Қазақстан тарапынан үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Аталған танкерлер халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның маңызды бөлігі саналатын Каспий құбыр консорциумының нысандарына бағыт алған.
Ерлан Жетыбаев Қазақстанның қандай да бір қарулы қақтығыстың тарапы емес екенін атап өтіп, елдің жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын жеткізді.
– Соңғы уақытта мұндай инциденттердің жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуіне төнетін қауіптердің артып келе жатқанын көрсетеді. Осыған байланысты серіктес елдерді осындай жағдайлардың алдын алу үшін бірлескен әрі тиімді шаралар әзірлеу мақсатында тығыз ынтымақтастыққа шақырамыз, – деді СІМ өкілі.
Қазақстан тарапы халықаралық тасымал бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және энергетикалық нысандарды қорғау мәселесі барша елдер үшін ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.