📰 Сарапшылар пікірі

ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі автокөлік бағасын өсіре ме?

Елде қосылған құн салығының көтерілуі жоспарланып отыр. Бұл жаңалық автокөлік иелерін де, көлік алғысы келетін азаматтарды да алаңдатып отыр. Сарапшылардың пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесінің артуы автонарыққа әртүрлі әсер етуі мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.

Jet Finance компаниясының негізін қалаушы Азамат Сейтбековтің айтуынша, жаңа көліктердің бағасы шамамен 4 пайызға қымбаттауы мүмкін.

«Ресми дилерлер көліктерді толық салықпен сатады, сондықтан баға көтеріледі. Ал жеке тұлғалар немесе екінші нарық арқылы әкелінген көліктерге ҚҚС салынбайды. Сол себепті нарықта жаппай қымбаттау болмайды. Ресми дилерлер бағаны көтерсе де, балама жеткізу арналары нарықтағы жалпы өсімді тежейді» деді ол LS басылымына берген сұхбатында.

Демек, жаңа көлік сатып алу сәл қиындайды, ал қолданыста болған көліктердің бағасы салыстырмалы түрде тұрақты қалуы мүмкін. Сарапшылар бұл өзгеріс автонарықтағы тепе-теңдікті бұзбайды деп есептейді. Себебі тұтынушылар ресми салондардан гөрі екінші нарыққа бет бұруы мүмкін.

Қазір автонесиелеу қарқыны да жоғары. Сарапшылардың айтуынша, автонесиелеу нарығы жыл сайын 10-20 пайыз аралығында өсіп келеді. Бұған мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар, банктер мен микроқаржы ұйымдарының жаңа өнімдері және көліктердің қымбаттауына байланысты орташа чектің ұлғаюы әсер етіп отыр.

2025 жылдың алғашқы жартысында банктер автонесиеге 1,2 триллион теңге берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға көп. Орташа несие сомасы 6,7 миллион теңгеге жеткен, ал несиеге алынған көліктердің үлесі 59 пайызды құраған.

«Жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында реттеуші орган сыйақының тиімді мөлшерлемесіне икемді саясат ұстануы керек. Бұл тұтынушыларды қорғай алады және қаржы ұйымдарының тұрақтылығын күшейтеді. Базалық мөлшерлеме елдегі ақшаның құнын анықтайтын басты көрсеткіш. Ұлттық Банк осы арқылы инфляцияны тежеуге тырысады. Мөлшерлеме өскен сайын ақша қымбаттайды, яғни несие алу қиындайды. Бір қарағанда, мұның бәрі тек банктерге әсер ететіндей көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде ол әр азаматтың қалтасына ықпал етеді. Ақша арзандағанда адамдар көбірек несие алады, көбірек сатып алады. Сұраныс артып, сатушылар бағаны көтере бастайды. Осылайша инфляция күшейеді. Ал керісінше, ақша қымбаттағанда, жұрт несие алудан тартынады. Сұраныс азайып, баға баяулайды», деді сарапшы.

Базалық мөлшерлеме бағаның қызуын басатын тежегіш сияқты. Егер инфляция шектен шығып бара жатса, Ұлттық Банк осы тежегішті басады. Сол арқылы баға өсімін тоқтатуға тырысады. Инфляцияны көпшілік сандар арқылы ғана көреді. Бірақ оның нақты әсері күнделікті өмірде байқалады. Мысалы, үш ай бұрын бір келі қант 1000 теңге тұрса, қазір сол ақшаға 700 грамм ғана алуға болады. Демек, табысымыздың бір бөлігі жоғалды.

Табысы төмен азаматтар үшін мұндай жағдай ауыр соғады. Өйткені олардың шығынының көп бөлігі азық-түлік пен коммуналдық төлемдерге кетеді. Ұлттық Банк базалық ставканы көтеру арқылы дәл осы қысымды азайтуға тырысып отыр.

Бірақ бұл шешімнің де өз пайдасы бар. Мөлшерлеме көтерілген сайын теңгедегі депозиттердің табысы артады. Банктер халықтың қаражатын тарту үшін жоғары пайыз ұсына бастайды. Осылайша жинақ ұстау тиімді бола түседі.

Қарапайым тілмен айтқанда, қазір қарыз алу қиындайды, бірақ ақша жинау тиімді болады. Ал енді бұл ставка жыл соңына дейін тағы көтерілуі мүмкін бе? Бұл сұрақтың жауабы 28 қарашада белгілі болмақ. Ұлттық Банк жыл сайын сегіз рет шешім қабылдайды, сондықтан бұл жылдағы соңғы шешім болмақ.

Барлық жаңалық