Шоу-бизнес

Қостанайдағы қандыбалақ төбелес: Атышулы блогер тағы да даудың ортасында қалды (ВИДЕО)

Қостанайдағы қандыбалақ төбелес: Атышулы блогер тағы да даудың ортасында қалды (ВИДЕО)

Қостанай көшелерінің бірінде орын алған әйелдер арасындағы жаға жыртысқан төбелес әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Тараған бейнежазбадан екі әйел мен бір ер адамның тағы бір нәзік жандыға жұдырық ала жүгіргенін анық байқауға болады. Көпшіліктің айтуынша, бұл оқиғаның басты кейіпкері — бұған дейін «ерекше балалар жеңіл жүрісті аналардан туады» деген даулы пікірімен елдің ашуын туғызған Гүлнар Оразалина болуы мүмкін деп хабарлайды ozgeris.info сайты politiko.kz ге сілтеп.

Өңірлік полиция департаменті аталған жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Тәртіп сақшыларының дерегінше, 15 сәуір күні кезекші бөлімге төбелес туралы хабар түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен құзырлы орган өкілдері жанжалға қатысушылардың барлығын ұстап, бөлімшеге жеткізді. Белгілі болғандай, қос келіншек арасындағы араздық әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде басталып, соңы кездесудегі қол жұмсау әрекетіне ұласқан.

Бұл оқиға бойынша қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әрбір қатысушының іс-әрекетіне заң аясында құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданатын болады. Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Gulnara.Blogger лақап атымен танымал блогердің ауру балалардың дүниеге келу себебін ата-ананың «күнәсімен» байланыстыруы қоғамда үлкен наразылық тудырған еді.

Ол кезде блогердің бұл пайымына Дильназ Ахмадиева бастаған бірқатар өнер жұлдыздары мен инфлюенсерлер қатаң сын айтқан болатын. Сол уақытта Астана полициясы Гүлнар Оразалинаны ұстап, оған 78 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған еді. Енді, міне, араға уақыт салып, блогердің есімі тағы да жағымсыз жаңалықтардың басында тұр.

Барлық жаңалық