💰 Экономика

Қазіргі жастардың жағайы өз ата-аналарынан төмен бе?

EnergyProm дерегіне қарағанда, Қазақстанда орта буын ең жоғары табысқа ие, ал жастардың табысы екі есе аз. Бүгінгі зумерлер білімді, бірақ олардың жалақысы миллениалдармен салыстырғанда әлдеқайда төмен, деп жазады Ozgeris.info.

EnergyProm 2025 жылғы деректерді сараптап, әр жастағы қазақстандықтардың табысы қаншалықты айырмашылыққа ие екенін анықтады. Зерттеу нәтижесінде ең жоғары жалақыны 35 пен 44 жас аралығындағы азаматтар алады. Олардың орташа табысы 455 мың теңгеден асады. Келесі орында 45 пен 54 жас аралығындағы адамдар тұр. Бұл буынның орташа айлығы шамамен 430 мың теңге. Ал үшінші орында 25 пен 34 жас аралығындағы мамандар.

«Ал жастар соңында тұр. 16 мен 24 жас аралығындағы қазақстандықтардың орташа табысы 279 мың теңге шамасында. Бұл жасы үлкен әріптестерінен екі есе аз. Ал 55 жастан асқан зейнеткерлер мен егде жастағы азаматтардың табысы 337 мың мен 377 мың теңге арасында», деп көрсетілген есепте.

Білім деңгейі де шешуші рөл атқарады. 2025 жылы жоғары оқу орнынан кейін магистр немесе доктор дәрежесін алған азаматтардың орташа жалақысы 672 мың теңгеге жеткен. Ал бакалавриат деңгейінде бітіргендер 497 мың теңге алады. Орта біліммен жұмыс істейтіндердің айлығы небәрі 289 мың теңге көлемінде.

«Ең баяу өсім дәл осы топта байқалды. Бір жылда олардың жалақысы бар болғаны 10 пайызға артқан. Ал жоғары білімі барлардың табысы 20 пайызға дейін көбейген», дейді сарапшылар.

Есепке қарағанда, ел бойынша орташа айлық 2025 жылдың үшінші тоқсанында 429 мың теңге болған. Бірақ бұл сандар елдегі шынайы жағдайды толық сипаттамайды. Көпшіліктің табысы орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Сарапшылардың есебінше, инфляцияны ескергенде халықтың нақты табысы 2 пайызға төмендеген. Бұл соңғы екі жылда алғаш рет байқалған құлдырау.

Аймақтар арасындағы айырмашылық та үлкен. Мұнай мен кен өндіру аймақтарында табыс деңгейі жоғары. Атырау облысында орташа жалақы 633 мың теңге болса, Маңғыстауда 580 мың, Ұлытауда 533 мың теңге. Бұл өңірлерде жоғары табыс негізінен мұнай және өндіріс саласында істейтіндерге тән. Ал басқа салаларда айлық бұдан әлдеқайда аз.

Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Түркістан облыстарында жалақы деңгейі ең төмен. Бұл өңірлерде орташа айлық 293 мың теңгеден сәл ғана асады.

Сала бойынша алғанда, басқару мен менеджмент саласында істейтіндердің табысы ең жоғары. EnergyProm талдауында «Руководители и топ-менеджеры в среднем получают 685 мың теңге. Ал мемлекеттік қызметшілердің орташа жалақысы 338 мың теңге шамасында» делінген.

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтардың ең көп бөлігі 300 мың мен 400 мың теңге аралығында табыс табады. Бұл шамамен 31 пайыз адам. Ал 100 мың мен 300 мың теңге аралығында табыс табатындардың үлесі 42 пайызға жуық. 500 мың теңгеден жоғары табыс алатындар 23 пайыз, ал 1 миллионнан көп табыс табатындар бар болғаны 3,9 пайыз немесе 130 мың адам шамасында.

 «Ер адамдар әйелдерге қарағанда көбірек табыс табады. Айырмашылық әсіресе өнеркәсіп саласында айқын. Бұл салада ерлердің табысы әйелдерден 26 пайызға жоғары. Ал сауда мен қызмет көрсету саласында айырмашылық шамамен 4 пайыз шамасында», деп жазылған есепте.

Жастардың табысының төмен болуы қоғамда жиі талқыланып жүрген мәселе. Зумерлердің білімі жоғары, бірақ еңбек өтілі мен тәжірибесі аз. Сондықтан бастапқы жалақы төмен болады. Көпшілігі жалдамалы пәтерде тұрады, ал баспана мен азық-түліктің қымбаттауы олардың өмір сапасына әсер етіп отыр.

Мамандардың пікірінше, мұндай жағдай тек Қазақстанда емес, басқа елдерде де байқалады. Экономикалық өсім баяулаған сайын жастар бұрынғы ұрпаққа қарағанда табысты аз жинайды. Бірақ басты айырмашылық қазіргі жастардың өмір құны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы қазақстандықтардың ең жиі алатын айлығы – бар болғаны 116 мың теңге. Бұл елдегі орташа жалақыдан екі жарым есе төмен көрсеткіш. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға өскен, бірақ әлі де елдегі орташа айлықтан бірнеше есе аз. 2024 жылдың қорытындысында орташа жалақы 405 мың теңге болған еді. Модальды жалақы – бұл орташа емес, халықтың ең жиі алатын табыс мөлшері. Яғни елде ең көп адам дәл осы шамада табыс табады.

Ең төмен модальды жалақы білім беру саласында тіркелді – небәрі 114 мың теңге. Ал ең жоғарысы кен өндіру саласында – 418 мың теңге. Одан кейінгі орындарда көлік және логистика (396 мың), құрылыс (347 мың), қаржы мен сақтандыру саласы (340 мың теңге) тұр. Сауда саласында модальды жалақы 127 мың теңге болса, денсаулық сақтау саласында 197 мың теңге көлемінде. Айта кетерлігі, медицина қызметкерлерінің табысы бір жылда өзгермеген.

«Аймақтар бойынша ең жоғары модальды жалақы Астанада – 257 мың теңге. Алматыда 247 мың, Атырауда 243 мың, Шымкентте 208 мың, ал Абай облысында 207 мың теңге», делінген есепте.

Медианалық жалақы, яғни табысы жоғары және төмен адамдарды тең екі бөлікке бөлетін көрсеткіш, 317 мың теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Бірақ сарапшылардың айтуынша, инфляцияны есептегенде бұл өсім шын мәнінде өте аз. Ең айқын өсім қаржы саласында (31 пайыз), көлік пен логистикада (24 пайыз) және ауыл шаруашылығында (22 пайыз) байқалған.

Дерек бойынша, елде миллионнан астам адам айына 300-500 мың теңге көлемінде жалақы алады. 724 мың жұмысшының табысы 200-300 мың теңге аралығында болса, 711 мың адам айына 100–200 мың теңге табады. Ал халықтың 3,3 пайызының айлық табысы 100 мың теңгеден де аз.

Зерттеу көрсеткендей, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде нақты жалақы өсімі бойынша соңғы орында. 2025 жылдың алғашқы жартысында елдегі нақты табыс бар болғаны 0,3 пайызға өскен. Ал көрші Қырғызстанда өсім 11,5 пайыз, Беларусьте – 11 пайыз, Ресейде – 4,1 пайыз болған. Дегенмен Қазақстан әлі де Ресейден кейінгі екінші орында тұр – доллармен есептегенде халықтың нақты жалақысы әлі де жоғарырақ.

Министрлік болжамына қарағанда, 2028 жылға қарай елдегі орташа айлық 604 мың теңгеге жетуі мүмкін. Бірақ сарапшылар мұндай өсу тек белгілі бір салаларда ғана байқалатынын айтады. Қазір табыс көбіне IT, көлік және қаржы секторында өсіп жатыр. Ал денсаулық сақтау, білім беру және құрылыс салаларында керісінше төмендеу байқалады.

Қарапайым тілмен айтқанда, елдегі орташа айлық өсіп жатқанымен, көпшіліктің нақты табысы сол күйінде қалып отыр. Біреулердің жалақысы бірнеше есе артса, басқалары үшін 116 мың теңге әлі де өмір сүрудің негізгі шегі болып тұр.

Барлық жаңалық