Қазақстанда тыңшылық жасады деген айыппен Өзбекстан азаматы, профессор Икболжон Қорабоев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы оның туыстары «Азаттық Азия» басылымына хабарлаған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Ферғана» агенттігінің жазуынша, 46 жастағы ғалым Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы («Шпионаж») бойынша кінәлі деп танылған. Бұл бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот процесі іс материалдарында құпия мәліметтер болғандықтан жабық режимде өткен. Профессордың отбасы сот үкімі туралы ресми органдардан емес, өз дереккөздерінен білген. Туыстарының айтуынша, оларға тергеу материалдары мен сотта ұсынылған дәлелдер көрсетілмеген. Сондай-ақ ғалымның қай мемлекеттің пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталғаны да белгісіз.
Отбасы Қазақстан президентіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге өтініш жолдаған. Алайда туыстары мемлекеттік органдардан нақты жауап алмағанын айтады. Енді олар сот үкіміне шағым түсіріп, профессорды толық ақтауды көздеп отыр.
Икболжон Қорабоев 2026 жылғы 3 шілдеде Астанада ұсталған. Ол әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған. Ғалым Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Зерттеу жұмыстары аймақтық интеграция, геоэкономика және Орталық Азияның стратегиялық минералдық ресурстарына арналған.
Әріптестерінің сөзінше, профессор ғылыми зерттеулерінде ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған. Атап айтқанда, 2025 жылдың сәуірінде Қазақстан мен Өзбекстандағы маңызды минералдарға қатысты құқықтық, саяси және стратегиялық ұстанымдарды салыстырған зерттеуін аяқтаған. Алайда бұл жұмыс әлі жарияланбаған.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ресми органдары сот үкімі туралы ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Өзбекстан билігінің де бұл мәселеге қатысты ұстанымы әзірге белгісіз.