Жаңалықтар

«Орны толмас қаза»: Helios ұжымы Ақтөбеде өлтірілген басшысымен қоштасты

«Орны толмас қаза»: Helios ұжымы Ақтөбеде өлтірілген басшысымен қоштасты

Ақтөбеде қарулы шабуыл салдарынан қаза тапқан кәсіпкердің жеке басы анықталды. Ол Helios компаниясының Ақтөбе филиалының директоры Айболат Жисов болып шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info.

БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға 16 қарашада болған. Кәсіпкер өз үйінде қарулы шабуылға ұшырап, көз жұмған. Қылмысқа күдікті ұсталған.

Бұған дейін ақпарат құралдарында марқұмның есімі мен оның қандай компанияны басқарғаны жарияланбаған еді.

19 қарашада Helios компаниясы Айболат Жисовтің қазасына байланысты ресми көңіл айту хабарламасын таратты. Компания ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, оның кәсіби және адами қасиеттерін ерекше атап өтті.

«Айболат Тубасұлы білікті әрі талантты басшы, өз ісінің нағыз маманы, ақкөңіл, жанашыр және жігерлі адам еді. Жұмысына деген адалдығы, өмірге құштарлығы мен адамдарға шынайы ықыласы әріптестерінің зор құрметіне бөледі», – делінген компания мәлімдемесінде.

Helios өкілдері Айболат Жисовтің өмірден өтуін компания үшін орны толмас қаза деп атады.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде жанармай құю бекеттері желісінің басшысы өз үйінде атып өлтірілгені хабарланған болатын. Алғашқы мәліметтерге сәйкес, шабуыл жасаған адам кәсіпкердің көлігі мен құнды заттарын алып кеткен.

Қазіргі уақытта қылмысқа күдікті ұсталғаны хабарланды. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталмақ.

Барлық жаңалық