Қарағанды облысындағы Есен өзенінде балық аулауға кеткен үш адам, оның ішінде бір әйел суға батып көз жұмды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
17 қарашада Шахтинск қаласының екі ер адам мен бір әйел балық аулауға кеткен. Алайда үшеуі де үйіне оралмаған. Жоғалғандар туралы хабар ТЖД-ға сол күні сағат 23:40-та түскен.
Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 18 қарашада сағат 01:18-де үшеуінің де денесін судан алып шыққан. Олар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдіктен табылған.
Алдын ала болжам бойынша, балықшылар жұқа мұз ойылып, суға түсіп кеткен. Марқұмдардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.