Қоғам

Қазақстанда сегіз мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды

Қазақстанда сегіз мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды

Еңбек министрлігі халықты жұмыспен қамту бағытындағы жаңа деректерді жариялады. 2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша еліміздің карьералық орталықтары 200 мың 400 азаматты тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етті. Қызметке орналасқандардың қатарында 75 мың жас буын өкілі және 81 мың нәзік жанды бар, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Биыл мемлекет көлемінде 40 мың 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 8 мыңға жуығы толық құрылып үлгерді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу ісі назардан тыс қалмады. Карьералық орталықтар мүгедектігі бар 17 мың 400 азаматты қамтып отыр. Олардың 6 мың 400-і қызметке кірісті. Бұған қоса 3 мың 800-ден астам тұрғын "Skills Enbek" платформасы арқылы арнайы оқудан өтті.

Жыл басынан бері 170 мың 600 адам кәсіби бағдарлау бағдарламасына қатысты. Бұл санатқа жұмыс іздеп жүрген 138 мың азамат кіреді.

Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ауқымды мақсаттар бекітілген. Бұл маңызды құжат 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының үлесін 45 пайызға дейін арттыруды көздейді.

Барлық жаңалық