Қазақстанның банк секторы соңғы 20 жылда бірнеше рет мемлекет тарапынан құтқарылды. 2008 жылғы дағдарыс пен кейінгі жылдары проблемалы банктерді қалпына келтіруге ұлттық қор мен бюджеттен миллиардтаған доллар жұмсалды. Бұл әрекет қоғамда әділетсіздік туғызды: неге жеке банктердің қателігін салық төлеушілердің есебінен түзету керек деген сұрақ пайда болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты sn.kz сайтына сілтеме жасап.
2019 жылы Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік қаржыны банктерді құтқаруға жұмсамау саясатымен шықты. Кейін кейбір банктер лицензиясынан айырылып, мемлекет кепілдендірілген салымдарды өтеді. Қазіргі жаңа заң жобасында дағдарысқа ұшыраған банктерді Ұлттық банк қаржысы есебінен қолдауға тыйым салынатыны көрсетілген.
Жаңа ережеге сәйкес, проблемалы банкті құтқарудың негізгі тетіктері:
- Акцияларын мәжбүрлі сату;
- Міндеттемелерді қайта құрылымдау;
- Активтері мен пассивтерін басқа банкке беру;
- Уақытша «стабилизация банкін» құру.
Барлық шығынды банктердің акционерлері мен кредиторлары көтереді, мемлекеттік қаржы тартылмайды. Жеке тұлғалардың депозиттері қауіпсіз: «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» арқылы әр салымшының 20 млн теңгеге дейінгі жинағы сақталады. Қарыз алушылар банкрот болған банктің алдында өз қарызын төлеуге міндетті.
Мақсат – банктердегі моральдік қатерді жою, олардың өз қаржысын ұқыпты басқаруын қамтамасыз ету. Реформа уақытша тұрақсыздық туғызуы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде қаржы жүйесінің тұрақтылығы артады, банктер жауапкершілікті сезініп, корпоративтік басқаруды жақсартады, ал салымшылар өз банкіне сенім артады.