📰 Сарапшылар пікірі

Теңге туралы талас неге толастамайды?

Теңгенің бағамы сәл қозғалып қалса болды, ел ішінде пікір көпаяқ жыландай көбейіп шыға келеді. Бір топ «құлайды» дейді, екіншісі «қайта көтеріледі» деп болжайды. Әсіресе әлеуметтік желіде курс 600 немесе 700 болады деген әңгімелер жиі айтылады. Мұндай даулардың арасында экономист Алмас Чукиннің пікірі де ерекше назарға ілікті, деп жазады Ozgeris.info.

Алмас Чукин халықтың неге алаңдайтынын жақсы түсінеді. Оның айтуынша, курс қай жаққа жүрсе де, жұрттың көңілі қоңылтақ болады. Біреулер 600 болады деп қорқытады, енді бірі кері бағытты күтеді. Бірақ қызығы, екі жақ та курсқа араласу керек дейді. Тек бірі жоғарыға, бірі төменге бұру керек деп санайды. Осындай қарама-қайшылықтың ішінде ол өзін мүлде басқа топқа жатқызады. Ол нарықтың өз заңымен жұмыс істеуі қажет деп есептейді.

Экономист өткенді еске салып, ұзақ мерзімді трендке әсер етуге тырысуға болады, бірақ нарықтың табиғатына қарсы жүру тарихи қателіктерге алып келді. Бұрын тұрақты курс ұстаймыз деп отырып, 2015 жылы ауыр девальвацияға тап болдық дейді. Осы пікірдің өзі теңгені қолдан ұстап тұрудың салдары қандай болатынын көрсеткендей.

«Қазіргі жағдай тым күрделі емес. Теңге өз қалыпты коридорында жүр. Яғни, төтенше құлдырау да, ерекше нығаю да жоқ. Теңге өсімдік сияқты. Көктемде көктеп, жаздың аяқ шенінде ең жоғары деңгейіне шығып, күзде қайта төмендейді. Биыл да осы көпжылдық қисық сақталып тұр. Бірақ биыл бәрі жай ғана әдеттегі көрініс емес. Нарықтағы ақша айналымын өзгерткен екі үлкен фактор бар. Біріншісі – банктерге қойылған міндетті резерв талаптары. Бұл талап бұрын өте төмен еді, биыл қыркүйекте көтерілді. Ал келесі өсім 2026 жылдың көктемі мен күзінде тағы қайталанады. Нәтижесінде банктерден 2-3 трлн теңге көлемінде қаражат Ұлттық банкке ауысып кетті. Банктер теңгедегі активтің 5 пайызын, валютадағы активтің 15 пайызын табыссыз ұстап отыруы керек. Сондықтан қалған ақшаның өтемін арттыру үшін кредит қымбаттайды. Ал кредит қымбаттаса, оны алатындар азаяды. Ақша азайса, доллар алатындар да азаяды. Бұл теңгенің күрт құлдырауына тежеу болады», дейді ол.

Екінші фактор –  мұнай бағасының күтпеген төмендеуі. Әдетте санкциялық қысым кезінде мұнайдың өсуі керек сияқты еді. Бірақ олай болмады. ОПЕК өндірісті көбейтіп жатыр. Ресей өз мұнайын үлкен жеңілдікпен сата беруде. Қытай жасыл энергияға және электр көліктеріне белсенді ауысуда.

Жыл соңына қарай доллар алуға сұраныс көбейеді. Бұл да жыл сайын қайталанатын көрініс. Оған қоса жаңа ҚҚС мөлшері де өз әсерін береді. Бірақ экономист алдағы жылдың алғашқы екі тоқсанына келгенде жағдай басқаша болатынын болжайды. Оның айтуынша, 5 пайыз міндетті резерв, 16 пайыз ҚҚС, 18 пайыз базалық мөлшерлеме және ұлттық қордан бөлінетін қаражатқа шектеу экономиканы аздап «сығады». Бұл сұраныстың да бәсеңдеуіне әсер етеді. Чукин осыны да ашық айтады:

«Егер экономикада артық теңге болмаса, долларды да ешкім жаппай сатып алмайды. Бағаның да секіруге негізі болмайды. ҚҚС шамамен 2 пайыз өсім беруі мүмкін, бірақ ол да бірден емес. Ресейдегі жағдайға да тоқталу қажет. Ол жақта, керісінше, рубль шамадан тыс күшейіп кеткен. Экономикасы баяулаған, экспорт төмендеген, импорт одан да қатты құлаған. Бюджет тапшылығы бірнеше триллионға асып кеткен. Доллар 70 рубльден жоғары болғанда Ресей экспорттан да көп табыс жоғалтады. Сол себепті Ресей орталық банкі жақында доллар сатып алуға қойылған шектеулерді алып тастады. Нарыққа эмоциясыз, ақылмен қарау керек. Нарықтың өз заңы бар, ал теңге оның табиғи бөлігі ретінде ғана қозғалып жатыр», дейді маман.

Барлық жаңалық