Екінші Павлодар аумағында «Жаңа адамдар» қозғалысының Antitrash азаматтық бақылау науқаны бес жыл бойы назардан тыс қалып келген ірі рұқсатсыз қоқыс үйіндісін анықтады деп жазады Оzgeris.info. Жолдан алшақ орналасқан бұл нүкте соншалық, ландшафттың табиғи бөлігіне айналғандай көрінген. Ресми мәлімет бойынша, өткен жылы Павлодарда 205 рұқсатсыз қоқыс ошағы тіркелгенімен, дәл осы аймаққа ешқандай шара қолданылмаған.
Белсенділер үш ай бойы аумаққа қайта-қайта барып, жағдайды бақылаған. Олар жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, жүк көліктерінің жүйелі түрде келіп, қайта-қайта қоқыс төгетінін тіркеді. Қоқыс арасынан «Құрылыс басқармасы» мен «Павлодар облысының сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» секілді мемлекеттік мекемелерге тиесілі құжаттардың табылуы құрылыс қалдықтарын бақылау жүйесінің ашықтығына күмән туғызды.
Науқан бастамашылары басқармаға қоқыс ошағының нақты координаттарын, ондаған фото және бақылау күндерін жіберген. Алайда олар сұраққа нақты жауап емес, жауапкершіліктен жалтаруға ұқсас түсініктеме алған. Осыған байланысты Antitrash белсенділері мәселеге назар аудару үшін қоқыс алаңының дәл ортасына мессенджердегі хат алмасудың көшірмесі жазылған екі метрлік баннер орнатты. Онда басқарма басшысының қысқа диалогы көрсетілген:
— Сәлеметсіз бе. Екінші Павлодар аумағында қоқыс алаңы анықталды. Хабардарсыз ба?
— Жоқ, білмейміз және қатысымыз жоқ.
Бұл жазба көпшілік назарына ұсынылып, жағдайды бұдан әрі елемей қою мүмкін болмай қалды.
Antitrash өкілдері бұл үйіндінің жылдар бойы жиналуы бақылаудың жоқтығы мен немқұрайлылықтың айқын көрінісі екенін айтады. Жиналған дәлелдер ашық жарияланып, тұрғындардың мәселенің шынайы ауқымын көруі үшін алаңда қалдырылды.
Қозғалыс бұл қоқыс алаңын шұғыл жоюды, сондай-ақ құрылыс қалдықтарына қатысты бақылау жүйесін нақты әрі әділ түрде қайта құруды талап етеді. Белсенділер экологиялық жағдай жақсарғанша мониторингті жалғастыра беретінін мәлімдеді.