💰 Экономика

«Наурыз» бағдарламасына өтініш берудің мерзімі жақындап қалды. Халық не себепті балл жинауға сонша мән берді?

«Наурыз» бағдарламасына қатысуға өтініш берген азаматтардың тізімі жарияланғаннан кейін ел ішінде үлкен қозғалыс басталды. Жылдың басынан бері дайындалған жұрт өз аты-жөнін тізімнен іздеп, жинақтағы сыйақысы қанша баллға жеткенін есептеп әлек болды. Қаржылық ұйым мәліметінше, барлығы 25 260 өтініш қабылданған. Бұл сан халықтың қолжетімді баспанаға деген сұранысының қаншалық терең екенін анық көрсеткендей, деп жазады Ozgeris.info.

Тізімнің ішін ақтарсақ, 9 мыңнан астам азамат бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алған. Солардың ішінде 3 332 адам, яғни 37 пайызы, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Оның жартысынан көбі әлеуметтік осал топқа жатады. Бұл көрсеткішке қараған мамандар «әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар да қаржылық тәртіп сақтап, балл жиып, бағдарламаға өтуге тырысқан. Мұның өзі халықта жинақ мәдениетінің қалыптаса бастағанын көрсетеді», деген пікір білдіреді.

Бағдарламаға ең көп өтініш берілген өңірлердің көшін Астана, Алматы және Шымкент алып тұр. Бұл үш қалада 6 322 қатысушы тіркелген. Ал облыс орталықтарында 2 277 адам бағдарламаға өтті. Аудан мен монокенттерде тұрған 401 азамат та тізімге енген. Бұл деректер елдің қай өңірінде болмасын баспана мәселесі өзекті екенін айқын көрсетеді.

Қатысушылардың басым бөлігі – 35 жасқа дейінгі жастар. Нақты саны 5 379. Олардың көбі үйленген, балалы, болашағын жоспарлап жүрген отбасылар. Жиі айтылып жүргендей, «жас кезде баспана мәселесі әр отбасында бірінші орынға шығады» деген сөз мұнда өз көрінісін тапқандай. Сонымен бірге тізімнің 21,3 проценті әскери және арнайы мемлекеттік органдарда қызмет ететін азаматтар. Бұл топта жүйелі табыс бар, сондықтан жинақ жасау мүмкіндігі де жоғары.

Ең маңызды сұрақ – өтініш беру қашанға дейін жалғасады. Қаржылық ұйымның ресми ақпаратына сүйенсек, тізімге енген әрбір азамат 2026 жылдың 13 қаңтарына дейін «Отбасы банкке» несиеге өтініш беруді аяқтауы тиіс. Банк бұл процесті жеңілдету үшін өтінішті онлайн қабылдап отыр.

Несие алған қатысушы үшін де нақты талап бар. Азамат тұрғын үйді сатып алу үшін 6 ай уақыт алады. Өтініштердің көптігіне қарап халықтың алдын ала жақсы дайындалғанын байқауға болады. Себебі баллдың ең үлкен бөлігі депозит бойынша төленген сыйақыдан жиналады. Халық осы талапты жақсы білген. Сыйақы қанша көп болса, балл да сонша жоғары болады.

Балл есептеу тәртібі түсінікті. Депозиттің әр 1 000 теңге сыйақысы 1 балл болып есептеледі. Тіркелген некесі бар адам 5 балл алады. Балалы азаматқа, бала санына қарамай, 10 балл беріледі. Әлеуметтік осал топтағы азамат тағы 10 балл иеленеді. Егер қатысушының жасы 35 жасқа дейін болса, ол тағы 5 балл қосып алады. Мысалы, 1 000 балл жинау үшін сыйақы көлемі 1 млн теңге болуы тиіс. 500 балл – 500 мың теңге сыйақыға тең. 200 балл – 200 мың теңге сыйақыдан жасалады. Әңгіме салымдағы негізгі акшада емес, дәл осы сыйақының көлемінде.

Ең жоғары балл жинаған қатысушылар кімдер екені де белгілі болды. Олар 2011-2013 жылдары есепшот ашып, жылдар бойы үнемі толықтырып отырған салымшылар. Бұл жағдайға қараған сарапшылар «жинақ ерте басталғанда ғана өседі, ал кеш басталған салым жоғары балл жинауға қиындық тудырады» деген пікір айтады.

Тізім балды автоматты жүйе арқылы сұрыптайды. Банк «ең жоғары балл шегін біз өзіміз қоймаймыз, жүйе балды жоғарыдан төменге қарай реттейді» дейді. Қазіргі кезеңдегі ең жоғары балл 1556,47 болып тұр. Бұған дейінгі іріктеулерде бұл көрсеткіш 1421,29 және 1032,44 болған.

Бағдарламаға қатысатын азаматтарға банк бірнеше кеңес те ұсынды. Бірінші кеңес – отбасылық жинақ жасау. Әр отбасы мүшесі жеке депозит ашып, бірге толықтырады. Кейін бұл шоттарды біріктіріп, өтініш беруге болады. Екінші кеңес – депозитті үнемі толықтырып отыру. Бір айда бір рет емес, мүмкіндік болса бірнеше рет салған дұрыс. Үшінші кеңес –  зейнет шотына да назар аудару. Шотта жеткіліктілік шегінен артық қаражат болса, оны депозитке аударуға болады. Төртінші кеңес – қажет болса, осы бағдарлама арқылы ипотека рәсімдеу.

Осылайша, «Наурыз» бағдарламасы халықтың жинақ жасау дағдысын нығайтқан ерекше бастама болды. Ең жоғары балл жинаған азаматтардың өзі «жинақтау деген бір күнде болмайды, тәртіп керек» деген түсінікті нақты көрсетті.

 

 

Барлық жаңалық