💰 Экономика

Теңгенің күшеюі уақытша иллюзия ма?

Теңге кейінгі күндері 506-508 теңге аралығында саудаланып, күтпеген жерден нығайып кетті. 2 желтоқсанда доллар бірден 5 теңгеге арзандап, Ұлттық банк ресми курсты 508,2 теңге деп бекітті. Бірақ қаржыгерлер мен экономистер бұл күшеюге әртүрлі баға беріп отыр: бірі оны ішкі факторлардың нәтижесі десе, енді бірі «carry trade тұзағы» деп санайды, ал Ұлттық банк бұл толықтай заңды, түсінікті үдеріс деп отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Неге күшейіп жатыр?

2 желтоқсандағы биржалық саудада доллар бірден 5 теңгеге арзандап, көптеген сарапшылардың назарын аудартты. Ұлттық банк 3 желтоқсанда ресми курсты 508,2 теңге деп жариялады. Ал Алматыдағы кейбір айырбастау пунктерінде доллар 506 теңгеден сатылып жатыр. Көпшілік «теңге неге нығайып жатыр» деп ойланып қалды.

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы бұл жағдайды бірнеше фактормен байланыстырып отыр. Сарапшылардың айтуынша, сауда көлемінің күрт артуы негізгі себептердің бірі болған.

«Сауда көлемі айтарлықтай өсіп, 407,3 миллион долларға жетті. Ұлттық банктің шетел валютасын үлкен көлемде сатуы, шамамен 1,4 миллиард доллар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді конвертациялауы, экспорттаушылардың белсенділігі және резидент еместердің теңгемен активтерге қызығушылығының қайта артуы бизнес пен халық тарапынан болған доллар сұранысын айтарлықтай басып озды», деп түсіндірді қауымдастық сарапшылары.

Яғни, нарықта доллар көп болды, ал оны сатып алатындар азайып кетті. Осы теңсіздік бағамды төменге қарай тартып жіберді. Бұл – ішкі фактор.

Бірақ тек елдегі жағдай ғана рөл ойнап жатқан жоқ. Дүниежүзілік нарықтағы өзгерістер де әсер етті. Экономистер доллар әлсіреуін АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысымен де байланыстырады. Екі алып ел арасындағы шиеленістің әсері бүкіл әлемге таралатыны белгілі.

Экономист Бекнұр Қисықов та осы факторды ерекше атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, АҚШ Қытайға және басқа да елдерге өте жоғары тарифтер енгізді. Соның нәтижесінде олардың назары ішкі ресурстар мен өндіріске ауысты. Бірақ бұл өндіріс рентабельді болуы үшін ұлттық валютаны сәл әлсірету қажет. Сондықтан КТК-ға қатысты жағдай аясында мұнай бағасы да аздап құбылды. Ол өсті, әрине. Бұл да доллардың құнына әсер етеді», деді маман.

Шын мәнінде, Қытай юанінің әдейі әлсіретуі, АҚШ-тағы тарифтердің қатаюы, мұнай бағасының әрқилы қозғалысы – бәрі долларды әлсірететін факторлар. Ал доллар әлсіресе, теңге соған қарай сәл болса да нығая түседі.

Дегенмен сарапшылар болашаққа аса оптимистік көзқарас білдіріп отырған жоқ. Бекнұр Қисықов теңгенің уақытша ғана күшейіп тұрғанын айтады.

«Жыл басында доллар бағамы қайта өсіп, 530-540 теңге деңгейіне жетуі ықтимал. Яғни, қазір теңге уақытша дем алып тұрғандай. Бұл ұзаққа созылуы екіталай. Доллар әлемдік нарықта, әсіресе АҚШ экономикасы күшейсе, қайтадан қымбаттауы мүмкін», деп болжайды экономист.

Ұлттық валюта кез келген сәтте құлдырауы мүмкін

Расында, қарап тұрсаң, бәрі жақсы сияқты. Бір айда 3,3 пайызға нығайып, жыл басынан бергі ең жоғары өсімді көрсетті. Бірақ сарапшылар бұл өсімге қуана қоюға ерте дейді. Себебі теңге негізі мықты экономикаға сүйеніп тұрған жоқ. Оның астарында басқа күш бар.

Демек теңгенің қазіргі нығаюы шын мәнінде елдің экономикалық жағдайынан емес, шетелдік инвесторлардың спекулятивтік әрекеттерінен болып отыр. Бұл уақытша, кез келген уақытта бұзыла салатын механизм.

Halyk Finance сарапшылары да жаңа шолуларында осыны айтады. Олардың пікірінше, теңгені көтеріп тұрған басты фактор – carry trade деп аталатын схема. Мұнда шетелдік инвесторлар арзан долларды алып, оны теңгеге айырбастайды да, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарынан жоғары пайыздық табыс алады. Базалық мөлшерлеме 18 пайыз болғандықтан, бұл схема қазір оларға өте тиімді.

Салтанат Игенбекова бұл механизмді былай түсіндіреді:

«Негізгі драйвер – мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған шетелдік портфельдік инвестициялардың ағылып келуі. Бұл Ұлттық банктің валюта сатуы мен базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтеруінен кейін пайда болды. Инвесторлар арзан долларға қарыз алып, теңгеге айырбастайды да, біздің қағаздардан жоғары табыс табады. Курс тұрақты тұрғанша, бұл схема өте тиімді».

Бірақ дәл осындай схеманың ең үлкен қаупі бар. Инвесторлар тез келсе, солай тез кете де алады. Аздап ішкі тұрақсыздық болсын, сыртқы шок болсын – нерезиденттер бір мезетте нарықтан шығып кетеді. Сол кезде доллар сұранысы күрт өсіп, теңге қысқа уақытта қатты құлдырауы мүмкін.

Аналитиктер қазірдің өзінде мемлекеттік бағалы қағаздарға тым көп инвестиция құйылғанын ескертіп отыр. Мұндай үлкен көлем ұзақ тұрмайды. Егер қайтарым басталса, нарықта тепе теңдік жоғалады.

Маман тағы бір маңызды мәселені алға тартады. Ол – ашықтықтың аздығы.

«Ұлттық банк шетелдік инвестициялардың құрылымы туралы толық мәлімет жарияламайды. Ал Орталық депозитарий мұндай ақпаратты жүйелі түрде бермейді. Бұл дегеніміз, нарыққа қанша шетелдік ақша келіп, қай уақытта шығып кетуі мүмкін екенін ешкім нақты білмейді. Осындай белгісіздік жағдайында теңгенің кез келген уақытта құлдырау қаупі жоғары болып қала береді. Қысқасы, бүгінгі нығаю – көзге ғана әдемі көрінетін уақытша әсер. Экономикадағы фундаменталды көрсеткіштер теңгені ұзақ ұстап тұруға жеткіліксіз», дейді.

Ұлттық банк басшысы екі негізгі факторды атады

Осы жағдайға байланысты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов түсініктеме берді. Ол бұл құбылыстың қарапайым логикасын екі фактор арқылы түсіндірді.

Сүлейменовтің айтуынша, қазір валюта нарығында екі күш бір-біріне қарсы жұмыс істеп тұр. Бірі – доллар сұранысын күшейтіп тұрған ішкі фактор. Екіншісі – теңгені нығайтып тұрған сыртқы және қаржылық фактор. Бірінші фактор – қазақстандықтардың долларды көптеп сатып алуы. Бұл әсіресе импортқа байланысты.

«Егер желтоқсан айында сен кір жуғыш машина, телефон немесе басқа тауар импорттасаң, 12 пайыз қосылған құн салығын төлейсің. Ал қаңтарда ол 16 пайыз болады. Сондықтан қазір импортқа деген сұраныс жоғары. Соған байланысты доллар сұранысы да өте жоғары», деді Сүлейменов.

Негізі, мұндай жағдайда теңге әлсіреуі керек еді. Бірақ олай болмай тұр. Өйткені екінші фактор әлдеқайда күшті болып шықты.

Екінші фактор – портфельдік инвестициялар ағыны. Қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтергеннен кейін тенгемен берілетін қаржы құралдары шетелдік инвесторлар үшін өте тартымды бола бастады. Сүлейменов мұны нақты мысалмен түсіндірді.

«Ол Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағазын сатып алғысы келсе, мысалы, қаржы министрлігінің облигациясын, өз долларын теңгеге айырбастауы керек. Себебі біздің бағалы қағаздар теңгемен сатылады. Солай нарыққа келген әр шетелдік инвестор долларды теңгеге конвертациялайды. Доллар ұсынысы көбейеді», деді ол.

Оның айтуынша, биыл Қазақстанға үш-төрт миллиард доллар көлемінде портфельдік инвестиция кірген. Бұл теңгеге үлкен қолдау көрсетіп отыр.

Ұлттық банк басшысы жаңа жылдан кейін теңге бағамы әлсірейді деген пікірге келіспейді. Ол ҚҚС өсімі тек ішкі бағаларға әсер ететінін, ал валюта бағамына ықпалы болмайтынын айтты. Сондай-ақ сыртқы макроэкономикалық жағдайдың тұрақты екенін атап өтті.

28 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде қалдырды. Бұл биылғы соңғы шешім болды және сарапшылардың күткен нәтижесімен толық сәйкес келді.

Барлық жаңалық