Олимпиадалық қозғалыста IBA ұйымына балама ретінде World Boxing 2026 жылға қарай қаржылық дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Бұл туралы «Дядя Ваня» телеграм арнасы жазды.
Бұл ұйым 2023 жылы құрылып, әуесқой бокстағы басқарушы орган саналады.
Ішкі құжаттар мен тәуелсіз аудит мәліметтері көрсеткендей, ұйым келесі жылы толығымен Халықаралық олимпиада комитетінен (ХОК) әлі расталмаған қаржыландыруға тәуелді болмақ.
Естеріңізде болса, World Boxing 2023 жылдың сәуірінде жария түрде іске қосылып, Швейцарияның Лозанна қаласындағы Avenue de Rhodanie 2 CP 975 1001 мекенжайында ресми тіркелген.
Ал 2025 жылдың қарашасында ұйым президенті лауазымына қазақстандық кәсіпқой бокстың аңызы Геннадий Головкин сайланған болатын.
Алайда швейцариялық Fidurev SA компаниясының жүргізген аудиті ұйымның қаржылық жағдайы мүшкіл екенін анықтады. Тексеру нәтижесінде World Boxing Швейцария заңнамасы бойынша «қарызға белшесінен батқан» мәртебесіне түскені белгілі болды. Ал бұл дегеніміз – техникалық дефолт, яғни төлем қабілетінің болмауы деген сөз.
Ұйым бүгінде тек сыртқы қарыздар мен ХОК-тің көмегіне қарап отыр, бірақ комитеттен әзірге ресми қолдау жоқ. Аудит қорытындысы бойынша World Boxing 2024 жылды 140 400 еуро көлеміндегі шығынмен және 212 000 еуро көлеміндегі теріс капиталмен аяқтаған. Швейцарияның Азаматтық кодексіндегі 725b-бапқа сәйкес, мұндай жағдайда ұйым дереу құлдырауды болдырмау шараларын қабылдауы тиіс.
Қазіргі таңда World Boxing-ті банкрот болудан құтқарып тұрған жалғыз фактор – USA Boxing ұйымынан алынған 250 000 доллар көлеміндегі несие. Головкин басқаратын ұйым бұл қарызды бес жылдың ішінде – 2029 жылға дейін өтеуді жоспарлап отыр.
Соған қарамастан ұйымның қолдағы нақты қаражаты небәрі 86 900 еуроға тең, ал міндеттемелер көлемі 300 000 еуродан асып кеткен.
World Boxing 2026 жылға арналған алдын ала бюджетін де жариялады. Жоспар бойынша ұйымға кемінде 2,2 млн еуро қажет. Оның 1,45 млн еуросын (66%) ХОК-тан алуды көздейді, бірақ бұл сома құжаттарда бірнеше рет «алдын ала», «болжамды», «кепілсіз» деп көрсетілген.
Ұйымның өз кірісі 2026 жылы 675 000 еуро болады деп күтіледі, соның ішінде:
159 500 еуро – мүшелік жарналар
234 600 еуро – демеушілік
281 500 еуро – телетрансляциялар мен іс-шаралардан түсетін табыс
Яғни World Boxing-тің жоспарланған кірісі болжамды шығындардың төрттен бір бөлігіне де жетпейді. Сарапшылар пікірінше, бұл федерацияның тұрақты қаржылық моделінің жоқ екенін көрсетеді.Бүгінде әлемдік әуесқой бокста екі параллель ұйым бар:
World Boxing басшысы: Геннадий Головкин
International Boxing Association (IBA) президенті: Умар Кремлёв
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан World Boxing-ке ресми түрде басымдық берген секілді. 2026 жылға арналған еліміздегі стратегиялық спорт түрлерінің тізімінде WB көрсетілген.
Ал БАӘ-де өтіп жатқан IBA әлем чемпионатына Қазақстан ең мықты құрамын жіберген жоқ. Бұл шешім спорт қоғамдастығында түрлі талқылауға себеп болуда.
Айта кетерлігі, Дубайда өтіп жатқан IBA әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры – 10 млн доллар. Бұл сома World Boxing-тің 2026 жылға жоспарлаған бюджетінің төрттен үшіне тең.
Дереккөз: 1bol.kz