Павлодарда жоғалып кеткен кәсіпкерді айуандықпен өлтірді деген күдікті Ресей аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Оzgeris.info Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Мекеменің мәліметінше, 21 ақпанда кәсіпкер жұмысқа шығып, сол күйі байланысқа шықпаған. Осыған байланысты ол із-түссіз жоғалғандар қатарына қосылған.Тергеу барысында анықталғандай, сол күні Павлодар қаласында кәсіпкер күдіктімен оның үйінің ауласында кездескен. Қаржылық келіспеушілік салдарынан арада жанжал туындап, күдікті кәсіпкерге кеудесі мен бет тұсына 22 рет пышақ сұққан. Жәбірленуші оқиға орнында алған жарақатынан көз жұмған.
Қылмыс ізін жасырмақ болған күдікті марқұмның мәйіті мен автокөлігін өз гаражына тығып, кейін Қазақстан аумағынан қашып кеткен.Наурыз айында ол Ресейде ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге қайтарылды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.