📰 Сарапшылар пікірі

Қазақстан қай мемлекеттерді артта қалдырды?

Еліміз әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде өз орнын жақсартты. Бұл рейтингті жыл сайын Швейцариядағы Халықаралық менеджментті дамыту институты жасайды. Сарапшылардың бағалауы бойынша, 2025 жылы Қазақстан 69 елдің ішінде 34-орынға көтерілді. Былтыр ел 35-орында тұрған еді, деп жазады Ozgeris.info.

Жапониядан озды

Зерттеу нәтижесінде атап өтілгендей, Қазақстан бірнеше дамыған елден озып түсті. Олардың қатарында Жапония (35-орын), Кувейт (36-орын) және Португалия (37-орын) бар. Бұл дерек Қазақстанның халықаралық аренада өз позициясын күшейтіп келе жатқанын көрсетеді.

Рейтингтің көшін Швейцария бастап тұр. Одан кейін Сингапур, Гонконг, Дания, БАӘ, Тайвань, Ирландия, Швеция, Катар және Нидерланды орналасқан. Бұл елдер әлемде ең жоғары бәсекеге қабілетті экономикаға ие мемлекеттер ретінде танылды.

IMD рейтингі елдерді төрт негізгі сала бойынша бағалайды. Олар: экономикалық қызмет, үкімет тиімділігі, бизнес тиімділігі және инфрақұрылым деңгейі. Қазақстан осы бағыттар бойынша әртүрлі нәтиже көрсетті. Бірақ екі көрсеткіш айтарлықтай жақсарды.

Соңғы есепте Қазақстан бизнес тиімділігі бойынша 28-орыннан 20-орынға көтерілді. Сарапшылар бұл өзгерісті кәсіпкерлік белсенділіктің артуымен және бизнес жүргізу жағдайының жақсаруымен байланыстырады. Зерттеуде бұл туралы «Қазақстанда бизнес жүргізу шарттары жақсарып келеді. Компаниялардың белсенділігі мен тиімділігі артуда»деп жазылған.

Сонымен бірге инфрақұрылым көрсеткіші бойынша да өсім бар. Қазақстан осы бағытта 49-орыннан 44-орынға көтерілді. Сарапшылар бұл өзгерісті елдегі технологиялық даму, көлік инфрақұрылымы және білім мен денсаулық саласындағы көрсеткіштердің жақсаруымен түсіндіреді. Зерттеуде «Инфрақұрылымда жасалған реформалар елдің ұзақ мерзімді даму әлеуетін арттырады» деген баға берілген.

Маңызды белгі

Экономист Бауыржан Ысқақов бұл нәтижені ел үшін маңызды белгі деп есептейді. Оның айтуынша, мұндай рейтингтер символикалық көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде елдің беделіне үлкен ықпал етеді. Қазақстанға сырт көзбен қарайтын инвесторлар, халықаралық институттар, ірі компаниялар елді тұрақты, жүйелі дамып келе жатқан мемлекет ретінде көреді. Бұл капитал тартуда, инвестициялық жобаларда, халықаралық келіссөздерде шешуші рөл ойнайды. Оның пікірінше, мұндай көрсеткіштер елдің экономикалық бағытының дұрыстығын дәлелдейді және Қазақстанның өңірлік деңгейдегі емес, жаһандық деңгейдегі ойыншы болуға бет алғанын көрсетеді.

«Рейтингтегі өсімнің жай ғана сандар емес екенін айтады. Кейінгі жылдары Қазақстанда бизнес жүргізу шарттары біршама жақсарып келеді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, рұқсат беру рәсімдерінің қысқаруы, салық саласында ашықтықтың артуы кәсіпкерлердің сенімін арттырды. Бүгінде кәсіпкерлер мемлекеттік органдармен көп жағдайда онлайн жұмыс істеп жатыр. Құжат рәсімдеу жеңілдеді. Инвестор үшін жүгіріп жүру азайды, ал сенім артты. Бұл өте маңызды тенденция. Қазір ең бастысы – бизнес ортада тұрақтылық пен алдын ала болжалатын жүйе бар деген түсінік қалыптастыру, дейді экономист.

Қазақстанның жетістігі тек цифрландырумен шектелмейді. Ол инфрақұрылымға салынған инвестициялар, жаңа өндірістік аймақтардың ашылуы, көлік және логистика желілерінің нығаюы да рөл ойнағанын айтады. Сонымен қатар білім беру саласы мен адами капитал дамуына қатысты бастамалар да маңызды фактор болған. Сарапшының сөзінше, елдің бәсекеге қабілеттілігі тек экономикаға емес, қоғамның болашаққа дайындығына да байланысты.

Ысқақовтың пікірінше, Қазақстанның IMD рейтингіндегі өсімі президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалармен тікелей байланысты.

«Президент Тоқаев мемлекеттік басқаруды жаңғыртуды, цифрлық үкімет құруды, инновацияны қолдауды стратегиялық басымдық ретінде қойды. Бұл бағыттағы әрекеттер біртіндеп нәтиже беріп жатыр. Бірақ ең бастысы – бұл реформаларда тұрақтылық пен жүйелілік бар» дейді сарапшы. Оның айтуынша, ел басшысының рөлі тек бастама көтеруде емес, сол реформаларға саяси кепіл болуда. Сонымен бірге ол өзгерістер бір күнде болмайтынын ескертеді. Институттарды жаңарту – ұзақ процесс. Бұл тек президенттің еркімен шектелмейді. Мұнда бүкіл мемлекеттік аппараттың, бизнес қауымдастықтың, қоғамның атсалысуы қажет. Ең бастысы, бағыт дұрыс. Ал оның тұрақты нәтижесін алдағы жылдарда көреміз», деп түйіндейді экономист.

Барлық жаңалық