Қазақстан тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімге қол жеткізу үшін жаңа жобалармен қатар дәстүрлі салалардың әлеуетін де барынша пайдалануы қажет. Әсіресе металлургияда шикізатты терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім шығару мүмкіндігі мол. Бұл туралы Юрий Масанов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Автордың айтуынша, Қазақстанның бай шикізат қоры терең өңдеу кластерлерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның бір мысалы – әлемде сұранысы жылдан-жылға артып келе жатқан мыс өндірісі.
«Өнеркәсіптің қажеттілігіне байланысты мысқа әлемде бұрыннан сұраныс жоғары. Ал жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы бұл сұранысты одан әрі арттырды. Өйткені заманауи электрониканы мыссыз елестету мүмкін емес. Дәл осы салада Қазақстан жаңа өнім түрлерін игеріп, қосымша құнды ел ішінде қалыптастыра алады», – деп жазды Юрий Масанов.
Қазір Қазақстан өндірілген мыс ресурсының едәуір бөлігін кен мен концентрат күйінде экспорттап отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы шетелге 3,14 млрд долларға 1,8 млн тонна мыс кені мен концентраты жөнелтілген. 2025 жылы 1,4 млн тоннадан астам өнімнің экспорттық құны 2,8 млрд долларды құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында 845 мың тонна мыс кені мен концентраты 2,3 млрд долларға сатылған.
Бұл экспорт ел экономикасына қомақты валюталық түсім әкеледі. Алайда сарапшының пікірінше, шикізатты терең өңдеу арқылы одан әлдеқайда көп табыс табуға болады. Себебі мыс концентраты – өндірістік тізбектің алғашқы сатысы ғана.
Одан кейін балқыту, қара және анодтық мыс өндіру, тазарту, катодтық мыс шығару, илем өнімдерін, сым мен кабельдер, техникалық бөлшектер мен жабдықтар жасау кезеңдері бар. Өндірістің әрбір жаңа сатысында өнімнің қосылған құны арта түседі. Сонымен бірге жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылып, білікті мамандарға, энергетикаға, көлік пен қызмет көрсету салаларына сұраныс көбейеді. Осылайша, шикізат экспорттаудың орнына толыққанды өнеркәсіптік экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Мыс концентратының құрамында мыстан бөлек алтын, күміс және басқа да коммерциялық құнды компоненттер болуы мүмкін. Заманауи металлургиялық кәсіпорындар оларды өңдеу кезінде бөліп алуға қабілетті. Сондай-ақ мыс балқыту өндірісі уран және химия өнеркәсібіне қажетті маңызды шикізат саналатын күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді.
Масановтың пайымдауынша, Ормуз бұғазының бұғатталуына байланысты жеткізілімдердің іркілуі бұл мәселенің өзектілігін арттыра түсті. Өйткені мұндай жағдай әлемде сұранысы өсіп келе жатқан уран өндірісіне де тәуекел тудырады.
Алдағы жылдары мыс жаңа экономиканың негізгі металдарының біріне айналмақ. Электр желілері, жаңартылатын энергетика, электромобильдер, деректер орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымы орасан көлемде мыс қажет етеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауынша, қолданыстағы жобалардың даму қарқыны сақталса, 2035 жылға қарай әлемдік мыс сұранысы ұсыныстан 25%-ға асып кетуі мүмкін.
Қазақстанда көптеген елдерде жоқ маңызды артықшылықтар бар. Олардың қатарында қуатты шикізат базасы, қалыптасқан металлургия саласы, сондай-ақ жаңартылып жатқан энергетикалық және көлік инфрақұрылымы бар. Автор ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастау деп есептейді.
Алдымен мыс балқытуға арналған жаңа өндірістік қуаттарды іске қосып, кейін катодтық мыс шығаруды жолға қою ұсынылады. Экономикалық тұрғыдан тиімді болған жағдайда одан да күрделі өнім түрлерін өндіруге көшуге болады.
Өндірістік тізбектің неғұрлым көп бөлігі Қазақстанда орналасса, табиғи ресурстардан түсетін кірістің соғұрлым ауқымды үлесі ел ішінде қалады. Бұл қаражат жалақыға, салықтарға, жаңа технологияларға, инвестициялар мен кәсіби құзыреттерді дамытуға жұмсалады.
«Жаһандық бәсеке бүгінде ресурстың өзі үшін ғана емес, одан түсетін қосымша құнды өз елінде қалыптастыру үшін жүріп жатыр. Сондықтан Қазақстан индустрияландырудың жаңа кезеңін шикізатты емес, одан өндірілген дайын өнімді экспорттауға көшу арқылы жүзеге асыра алады», – деп түйіндеді автор.