Тұрсынбек Қабатовтың екінші жары Айман Талғатқызы Астанада өз қолымен картоп өсіріп, алғашқы өнімін жинап алды. Ол бақшадағы еңбегінің нәтижесін әлеуметтік желідегі парақшасында көрсетті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Айман Талғатқызының айтуынша, картопты жаз бойы күтіп-баптап, күзге қарай өнімін жинау оған ерекше қуаныш сыйлаған. Ол өздері өсірген жаңа картоптан түрлі тағам әзірлеп, отбасымен бірге дәмін татқан.
«Биылғы жылдың ең керемет дәмі. Өзің еккен өнімді бала-шағаңмен рақаттанып жегенге не жетсін! Оны бала-шағаңмен суарып, күтіп, балаларға көрсетіп, еңбекке баулысаң, олардың естерінде мәңгі қалары анық», – деп жазды Айман Талғатқызы.
Ол Астана жағдайында көкөніс өсірудің оңай еместігін де атап өтті. Оның сөзінше, қаладағы топырақтың құнарлылығы төмен болғандықтан, картоп егу үшін қосымша жағдай жасауға тура келген.
«Астанада біздің жерге өнім егу қиын. Топырағы құнарсыз. Соған қарамастан топырақ әкеліп төсеп, қоршап, соған егіп, уақтылы суарып, махаббатпен қарасаң, ештеңе қорқынышты емес. Мүмкін емес нәрсе жоқ», – деді ол.
Желі қолданушылары да Айман Талғатқызының еңбегіне жоғары бағасын беріп, жаңа жиналған картоптың дәмі мен сапасына назар аударған.
Оқырмандардың бірі балғын картоптың қабығы жұқа әрі дәмі тәтті болатынын жазса, енді бірі өз қолымен өсірілген өнімнің ерекше екенін атап өткен.