Қоғам

Айдос Сарым: Депутаттардың Премьер-министрге сұрақ қоюына еш кедергі жоқ

Айдос Сарым: Депутаттардың Премьер-министрге сұрақ қоюына еш кедергі жоқ

Құрылтай депутаты Айдос Сарым депутаттардың Премьер-министрге сұрақ қою тәртібіне қатысты пікір білдірді. Ол кейбір БАҚ-та тараған ақпаратқа түсініктеме беріп, депутаттардың Үкімет басшысына сұрақ қоюға құқығы бар екенін айтты,деп хабарлайды Ozgeris.info

Депутаттың сөзінше, мұндай мүмкіндік Парламенттің бірнеше жұмыс форматында қарастырылған. Атап айтқанда, депутаттық сауалдар, бюджетті талқылау мен қорғау рәсімдері, сондай-ақ Үкімет сағаты кезінде депутаттар Премьер-министрге және Үкімет мүшелеріне сұрақ қоя алады.

«Депутаттар Премьер-министрге сұрақ қоя алады. Сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алады. Депутаттық сауалдар, бюджетті қорғау және ұсыну кезінде, сондай-ақ басқа да парламенттік форматтарда қойылады. Оның ішінде Үкімет сағаты да бар. Осы форматтардың кез келгенінде депутаттар сұрақ қоя алады», – деді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, депутаттардың Үкімет мүшелеріне сауал жолдауына заң мен Парламент регламентінде тиісті тетіктер қарастырылған. Қажет болған жағдайда кейбір мәселелер бойынша отставка туралы ұсыныс енгізу сияқты рәсімдер де қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар Премьер-министр депутаттардың сауалдарына ауызша ғана емес, жазбаша түрде де жауап бере алады. Депутаттар үшін фракциялық отырыстар мен парламенттік талқылаулардың ашық және жабық форматтары да қарастырылған.

«Кейбір депутаттардың сағаттап тұрып жауап беретін жағдайлары бар. Сондықтан “депутаттар Премьер-министрге сұрақ қоя алмайды” деген жаңсақ пікірді таратпаңыздаршы», – деді депутат.

Барлық жаңалық