Қоғам

Халықты қабылдайды: Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылады

Халықты қабылдайды: Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылады

Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанынан Қоғамдық палата құру ұсынылды. Бұл бастама Құрылтай отырысында көтерілді, деп хабарлайды Ozgeris.info

Ұсынысқа сәйкес, Қоғамдық палата азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығы, ғылыми орта, кәсіби және үкіметтік емес ұйымдар, өңірлер мен түрлі салалардың өкілдерін біріктіретін тұрақты жұмыс алаңы болмақ.

Палатаның негізгі міндеттерінің бірі заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізу болады. Бұл жұмысты заң жобасын әзірлеудің бастапқы кезеңінде, яғни «нөлдік оқылым» сатысында ұйымдастыру ұсынылып отыр.

Мұндай тәсіл заң жобаларының негізгі ережелерін алдын ала талқылауға, балама ұстанымдар мен кәсіби ұсыныстарды ескеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қоғамдық палата Құрылтайдың тұрақты комитеттерімен тығыз жұмыс істеп, депутаттар мен сарапшылардың бірлесіп ұсыныстар әзірлеуіне жағдай жасауы көзделеді.

Жаңа алаңның қызметі заң жобаларын талқылаумен ғана шектелмейді. Палата отырыстарында қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін де қарау жоспарланып отыр.

Қоғамдық палатаны 50 адамнан құру ұсынылды. Оның құрамына Құрылтай депутаттарымен қатар азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығы, ҮЕҰ, кәсіби ұйымдар, өңірлер және түрлі салалардың мамандары енгізілуі мүмкін.

Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелерді талқылауға ғалымдар, сала мамандары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қосымша тартылмақ.

Бастаманы ұсынушылардың пікірінше, Қоғамдық палата Құрылтай мен қоғам арасындағы тұрақты кері байланысты күшейтіп, заң шығару жұмысының ашықтығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Құрылтай отырысында Қоғамдық палата құру туралы ұсынысты қолдау сұралды.

Барлық жаңалық