Семейде сыныптасына пышақпен бірнеше рет жарақат салды деген жасөспірімнің туыстары оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Олар полициядан істің барлық мән-жайын жан-жақты тексеруді сұрап отыр. Бұл туралы Ozgeris.info сайты КТК арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Жасөспірімнің анасы Назигүл Жұмабекованың айтуынша, жанжал кезінде оның ұлы да жарақат алған. Әйел баласы қарсы тараптың әрекетінен кейін өзін қорғауға тырысқан болуы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар ол ұлын толықтай кінәсіз деп санамайтынын жеткізді.
“Бірінші Омар бастады. Ол баламды пышақпен жаралаған. Бәлкім, балам қорыққаннан не істеп жатқанын өзі де түсінбей қалған шығар. Өзін қорғау үшін пышақпен ұра бастаған. Яғни бірінші Омар бастады, баламды пышақпен жаралады. Содан кейін бәрі осылай болды. Бірақ, меніңше, екеуі де кінәлі: Омар да, Дәулет те. Балам кінәсіз деп отырған жоқпын. Оны мен де кінәлі деп есептеймін”, – дейді баланың анасы Назигүл Жұмабекова.
Оқиға сабақ аяқталғаннан кейін болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 13 жастағы екі жасөспірім ойын кезінде өзара келіспей қалып, арты төбелеске ұласқан. Сол сәтте балалардың өздері тауып алған пышақ қолданылғаны айтылады. Оқиғаның нақты қалай өрбігенін қазір тергеу органдары анықтап жатыр.
Жанжалдан кейін екі оқушы да пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Назигүл Жұмабекованың ұлына медициналық көмек көрсетіліп, жарақаттары тігілген. Қазір ол үйінде.
Ал екінші жасөспірім әлі ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалаған.
Қазір екі тараптың да отбасы оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеудің объективті әрі мұқият жүргізілуін талап етіп отыр.