Әнші Жазира Байырбекованың бауыры Назира Байырбек не үшін күйеуінің опасыздығын әшкерелегенін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы ол жеке парақшасында жазды.
"МЕНІҢ МЕССЕЖІМ. Ішкі тыныштық, ішкі бақыт туралы айтқанда «күйеуім көзіме шөп салды, кетіп қалайын десем балалар бар», болмаса «күйеуім некемізге адал емес. Бірақ соны талқылап, көз жеткізейін десем ұрсып аузымды жауып тастайды» деген секілді хаттар келетін кейде. Не деп жұбатарымды білмейтінмін. Бірақ… Неке адалдығын аттағанды кешірмеу керек дегенді ылғи айтып келем. Бұл – менің бүгінгі мессежім. Отбасы құндылығы ері не зайыбы сатқындық жасап, екіншісі соған төзіп, өтірік күліп жүріп өмір сүру арқылы сақталмайды, менің ұғымымда. «Измена» деген нәрсе кешірілмейтін, «изменаны» айыптайтын қоғамда шын мәніндегі отбасы құндылығы қалыптасады. Маған да «кім алдамай жатыр, ер адамдардың көбі сөйтеді» деп жатқандар көп. Ол көп кімдер? Өз-өзін бағаламайтын не қылған көп олардың сыңарлары? Отбасы, неке адалдығын аттағанды ақтау үшін адамның істеп жатқан ісінен, мінезінен мін іздейтіндер табылады. Менің «оқитынымды» айыптағысы келгенде де жүр. Бірақ ол сатқындықты ақтай алмайды. Бұл жайлы әлі көп айтам. Өзімнің де төрт қызым, ұлым, келіндерім, жеңгелерім, іні-ағаларым бар. Жалпы ерлі-зайыптылардың бәрін «изменаны» кешірмеуге, қатаң айыптауға шақырамын", деп жазды ол.