Түркістан облысында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы атанған Тілектес Әділ өндірістегі қайғылы оқиғадан қаза тапты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тілектес Әділ есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында грек-рим күресінен ел чемпионы болған. Ол спортпен қатар Түркістан облысындағы плитка өндіретін зауытта еңбек еткен.
Қайғылы жағдай жұмыс ауысымы кезінде болған. Досының айтуынша, оқиға болған күні кешкі уақытта Әділ биіктікте жұмыс істеп жүрген. Сол маңда электр сымы болған. Күресші абайсызда сымға тиіп кетіп, тоқ соққан. Кейін ол биіктіктен құлап кеткен. Дәрігерлер спортшының өмірін сақтап қала алмады.
Әділ спортта да айтарлықтай жетістіктерге жеткен. 2018 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан спартакиадасына қатысса, 2019 жылы 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы атанған.
Жақындарының сөзінше, ол зауыттағы есту қабілеті бұзылған алғашқы қызметкер болған. Кәсіпорын басшылығы жұмыстың оның денсаулығына байланысты күрделі әрі қауіпті болуы мүмкін екенін ескерткен. Алайда Әділ еңбек етуін жалғастырған.
Спортшының артында жары мен екі баласы қалды. Жақындарының айтуынша, ол спортты тастамай, жарыстарға қатысып, жаңа чемпиондық атақтарды бағындыруды жоспарлаған.