Нұрсұлтан Құрман Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметінен кеткені туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ол бұл туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып, осындай шешім қабылдағанын хабарлады.
Нұрсұлтан Құрман бұл қызметтің үлкен жауапкершілікпен қатар мол тәжірибе мен ерекше естеліктерге толы кезең болғанын атап өтті. Осы уақыт ішінде отандық футзалдың дамуы жолында бірге еңбек еткен барша әріптестеріне, клуб басшыларына, жаттықтырушыларға, спортшыларға және жанкүйерлерге алғысын айтты.
"Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Талғатұлына ерекше алғыс айтқым келеді. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткені және бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Ортақ мақсат жолындағы әріптестігіміз мен үшін бағалы тәжірибе болды. Әрине, кез келген жұмыста жетістіктермен қатар, қиындықтар да болады. Дегенмен, осы уақыт аралығындағы жұмсалған күш-жігер мен атқарылған еңбек мен үшін әрдайым қымбат. Қазақстан футзалының болашағы жарқын екеніне сенемін. Ұлттық құрамамызға, клубтарымызға және осы спорттың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға сәттілік тілеймін", – деді Н.Құрман.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан футзал құрамасының Беларусьтен ойсырай жеңілгенін жазғанбыз.