Жаңалықтар

Астанада аспаннан доллар «жауды»: ҰҚК ірі компания басшыларын ұстаған ба?

Астанада аспаннан доллар «жауды»: ҰҚК ірі компания басшыларын ұстаған ба?

Әлеуметтік желілерде «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Осы уақытта Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің маңынан доллар купюраларына ұқсас ақша мен сегіз чемодан табылғаны хабарланды, деп жазады Ozgeris.info. 

Әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпарат құралдарында екі ұлттық компания басшысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тарапынан ұсталғаны туралы мәлімет жарияланған.

Желідегі ақпаратқа сәйкес, Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев уақытша ұстау изоляторына қамалған болуы мүмкін.

Жарияланымдарда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 4-бөлігі де аталады. Алайда аталған баптардың нақты кімге және қандай іс бойынша қолданылғаны ресми түрде расталған жоқ.

Сонымен қатар елордадағы Қонаев көшесінде орналасқан Atlant-6 тұрғын үй кешенінің маңынан сегіз чемодан мен ақша купюралары табылғаны туралы ақпарат тарады.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаларда тротуарға шашылған доллар тәрізді купюралар, олардың жанында жатқан сөмкелер мен чемодандар көрінеді.

Алдын ала тараған мәліметке сәйкес, оқиға туралы 102 нөміріне хабар түскеннен кейін аталған мекенжайға полиция қызметкерлері барған болуы мүмкін.

Дегенмен табылған ақшаның шынайылығы, оның нақты көлемі және кімге тиесілі екені әзірге белгісіз.

Сондай-ақ чемодандардың табылуы мен ұлттық компаниялар басшыларының ұсталғаны туралы ақпараттың арасында қандай да бір байланыс бар екені анықталған жоқ.

 

Барлық жаңалық