ЭҚазақстанда жезөкшелік қызметтерін жарнамалаған Kyzdar.net сайтына қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті әйел Грузиядан елге жеткізілді. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен бірге заңсыз схеманы жүзеге асыруға қатысқан, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен Өзбекстан азаматын экстрадициялаған.
Тергеу мәліметінше, әйел қылмыстық топ мүшелерімен бірлесіп, сайттағы сауалнамалар шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдаған. Сондай-ақ жезөкшелік қызметтерін жарнамалап, ілгерілетуге көмектескен.
Топ мүшелері түскен қаражаттан комиссия ұстап қалып, қалған ақшаны сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, заңсыз қызметтің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.
Қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал күдікті әйел қылмыстық қудалаудан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол биыл шілдеде Грузияда ұсталып, Қазақстанның сұрауы бойынша елге берілді.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша мүлкін тәркілеумен қоса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.