Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Мәскеуде өткен кеңейтілген саммит барысында Арменияны ұйымдағы дауыс беру құқығынан айыру туралы шешім қабылдады. Ұйым Жарғысының 25-бабына сәйкес қабылданған шешім Кремль сайтында жарияланды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Армения бірнеше жылдан бері ұйым алдындағы міндеттемелерін орындамаған. Осыған байланысты оған дауыс беру және ҰҚШҰ-ның жауапты қызметтеріне өз өкілдерін тағайындау құқығын шектеу ұсынылған.
Бұл шешім Арменияның ұйым саясатына ықпал етіп, ортақ шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігінен айырылғанын білдіреді. Сондай-ақ ел азаматтары ҰҚШҰ құрылымдарындағы квоталық лауазымдарға ұсыныла алмайды.
Сонымен бірге Армения шартта көзделген өзге құқықтарын, соның ішінде ұжымдық қорғаныс құқығын сақтап қалады. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұған дейін Мәскеудің Арменияны қорғаныссыз қалдырмайтынын мәлімдеген.
Армения ҰҚШҰ-ның саммиттері мен әскери жаттығуларына да қатыса алады. Ұйым Жарғысына сәйкес, дауыс беру құқығына қойылған шектеу Ереван мүшелік жарна бойынша барлық берешегін өтегеннен кейін алынады.
Айта кетейік, Армения 2024 жылдың ақпанынан бері ҰҚШҰ қызметіне қатысуын тоқтатқан. Премьер-министр Никол Пашинян ел алдағы бес жылда ұйым жұмысына белсенді түрде қайта оралуды жоспарламайтынын айтқан.
Ереванның ұйымнан алшақтауына 2023 жылы Таулы Қарабақта болған қақтығыс себеп болған. Пашинянның мәлімдеуінше, ҰҚШҰ-ның кемінде екі мүшесі Әзербайжанға Армениямен соғысқа дайындалуға көмектескен және Ереванға қолдау көрсеткендей кейіп танытқан. Алайда ол нақты қай мемлекеттерді меңзегенін айтпаған.